Сонымен қатар ол 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды
Павлодар облысы Успен ауданында нөмірсіз мотоцикл тізгіндеген мас ер адам ұсталды. Ол әкімшілік қамауға алынып, жүргізуші куәлігінен айырылды және айыппұл салынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар онлайнға сілтеме жасап.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, «Урал» мотоциклінің жүргізушісі Лозовский ауылдық округіндегі дала жолында «Жол қозғалысы қауіпсіздігі апталығы» акциясы барысында тоқтатылған.
«Мотоцикл жүргізушісі күдік тудырды, оның үстіне көлігінде мемлекеттік нөмірі болмаған. Тексеру кезінде жүргізушіден алкогольдің өткір иісі шыққан. Медициналық сараптама нәтижесінде оның орта деңгейдегі масаң күйде екені анықталды», , – деді Успен ауданы полиция бөлімінің бастығы Асқар Аралбаев.
Жүргізушіге көлікті мас күйінде басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктеліп, іс сотқа жолданды. Сот шешімімен ол 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылды. Сонымен қатар, оған 18,5 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.