Қосшыдағы өрт сөндіру депосы 2025 жылдың соңына дейін салынып бітеді – ТЖМ

Автор: Нұргүл Абай

Құрылысты аяқтауға тағы 450 млн теңге қажет

Фото: gov.kz

Ақмола облысының Қосшы қаласында салынып жатқан өрт сөндіру депосы келесі жылдың соңында пайдалануға беріледі. Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Төтенше жағдайлар министрлігі хабарлады.

Қосшы қаласында өрт сөндіру депосының құрылысы 2022 жылдың жазында басталған болатын. Қаржы республикалық бюджеттен бөлінген. Жоспар бойынша бір гектар жерде бой көтеретін нысан былтыр желтоқсан айында пайдалануға берілуі тиіс болатын. Алайда, құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер қосымша ақша сұратып, жұмыстар уақытша тоқтатылған.

Azattyq Rýhy тілшісі Төтенше жағдайлар министрлігінен құрылысты аяқтауға қосымша қанша қаржы қажет екенін және өрт депосы қашан салынып бітетінін сұрады.

«Қазір Қосшы қаласында өрт сөндіру депосының құрылыс-монтаждау жұмыстарына 925 миллион теңге жұмсалған. Нысанды аяқтау үшін болжам бойынша тағы 450 миллион теңге қажет. Жобаның қымбаттауына байланысты жобалық-сметалық құжаттаманы түзету қажет. Қосымша қаражат бөлінгеннен кейін нысан құрылысы 2025 жылдың соңына дейін аяқталады», - деп мәлімдеді төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Динара Нұрғалиева.

Қосшыдағы жаңа өрт сөндіру депосына төрт техника сыяды. Қазір қаладағы 35 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің меншігінде 2023 жылғы өрт сөндіру көлігі мен 2024 жылғы автосаты бар. Өрт сөндіру бөлімінің өзінде елу шақты адам жұмыс істейді, бір ауысымға бес-сегіз құтқарушы шығады екен.

Осыған дейін төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов елімізге әлі 121 өрт сөндіру депосы қажет екенін айтқан. Төтенше жағдайлар министрлігі өрт сөндіру бөлімшелерін салу тәсілін қайта қарапты. Мәселен, Астанада небәрі үш жарым айдың ішінде жылдам тұрғызылатын конструкциялардан салынған өрт сөндіру бөлімшесі жұмыс істейді. Әрінов құрылыстың осындай тәсілі  барлық өңірде қолданысқа енгізілетінін тілге тиек етті.

«Біз жүргізген талдауға сүйенсек, бұрын деполардың құрылысы екі жылға дейін созылып, оған 2,5 миллиард теңгеден 3 миллиард теңгеге дейін ақша жұмсалатын. Сонымен қатар, елімізде алты-сегіз жыл бойы салынып, әлі күнге дейін бітпей жатқан жеті жоба бар. Тіпті, кейбірінің ісі сотқа жетті. Ал кейбір жобаларға түзету енгізу қажет болып тұр. Міне, осындай ұзақ жылдар бойы салынып жатқан проблемалары шешілмей тұрған деполар бар. Ал қазір біз ойлап тапқан шешім – деполар қысқа уақытта, үш жарым айдың ішінде салынып, сол күннен бастап жергілікті халық оның қызметін пайдалана алады. Мұндай деполардың құны 1-1,1 млрд теңгенің төңірегінде болады. Ол енді қай өңірде салынатынына байланысты. Бұл – Еуропа, Америка сияқты дамыған елдердің тәжірибесі. Олардың көбісі осындай тез салынатын құрылыспен жасайды. Ол жақта артық ештеңе болмайды, өзімізге ең қажетті бөлмелер ғана бар», - деп түсіндірді Шыңғыс Әрінов.

Осы ретте төтенше жағдайлар министрі 121 депоны бір мезетте салу мүмкін емес екенін ашық айтты. Өйткені оған уақыт және қомақты қаражат қажет.

«Сондықтан жылына жиырма-отыз деподан салсақ, 2025-2027 жылдарға дейін бітіреміз деген ойымыз бар. Ал қаражат 1,1 миллиард теңгенің төңірегінде болады. Сондықтан ол ақшаны алдын ала жоспарлап, 2025 жылы ең қажет деген елді мекендерде кемі 20 депо саламыз деген ниетіміз бар. Қазір Атырау облысында ғана жедел станция салынып жатыр», - деп түйіндеді сөзін ведомство басшысы.

Бұдан бөлек Ақмола облысында пилоттық жоба аясында өрт сөндірушілерден, дәрігерлер мен құтқарушылардан тұратын әмбебап бөлімше құрылған. Министрдің айтуынша, бұл зардап шеккендерді кешенді түрде шұғыл құтқаруға және оларға алғашқы көмек көрсетуге мүмкіндік береді.

Шыңғыс Әрінов Төтенше жағдайлар министрлігінде Апаттар медицинасы орталығы бар екенін еске салды. Ал қырыққа жуық трассадағы медициналық-құтқару пункті ең қауіпті учаскелерде орналасқан. Ақмола облысының Аршалы ауылында дәл осындай пункт тас жолдың бойында тұр, он жыл бұрын ашылған пункт әбден ескірген.

«Ал екі шақырым жерде біздің ауылдағы бөлімшеміз – өрт сөндіру депосы бар. Біз ол жерге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жағдай жасадық – көлік тұрағы, гараж бар. Тиісінше, біз оларды (трассадағы медициналық-құтқару пункті – ред.) осы бөлімшеге ауыстырдық. Сондай-ақ Ақмола облысында көлдер өте көп, өкінішке қарай адамдар суға батып көз жұмып жатады. Ал құтқару бөлімшесі Көкшетау қаласында орналасқан, ол тым алыс. Сол себепті біз оларды да жаңа бөлімшеге біріктіру туралы шешім қабылдадық. Бастапқы кезеңде судағы құтқару жұмыстарымен 15 құтқарушы айналысады. Ал медицинаға келсек, сол трассадағы медициналық-құтқару пунктіндегі қызметкерлер он бес тәуліктен кезекшілік атқарады, ол жерде қазір төрт адам», - деп атап өтті Әрінов.

Айтуынша, бұл шұғыл қызметтерді біріктіру бойынша жасалған алғашқы қадам.

«Тиісті көлік, экипировка бар. Оларға материалдық-техникалық тұрғыдан төтенше жағдайға дер кезінде ден қою жеңілірек болады. Олар қаладағы халыққа қызмет көрсетеді және жақын маңдағы трассаларға шығады», - деді ол.