Жұмыс тәулік бойғы кезекшілікті қабылдап-тапсырудан басталады
Қоғамда құтқарушылардың еңбегі қашан да зор құрметке лайық. Жалынмен арпалыса жүріп өзгенің өмірін құтқаруды ойлайтын ерекше мамандық иелері жұмыс күнін қалай өткізеді? Өрт туралы дабыл қағылмаған күндері қандай іспен айналысады? Бұл туралы Azattyq Rýhy тілшісіне Ақмола облысы Қосшы қаласы төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы Шахмардан Әзірбаев тарқатып айтып берді.
Оның айтуынша, таңғы сағат сегіз жарымда тәулік бойғы кезекшіліктен шыққандар мен ауысымға енді кірісетіндер сап түзейді. Өрт сөндіру бөлімінің бастығы гарнизондағы жаңалықтар, күнделікті жұмыс тәртібі мен ауа райы туралы баяндайды. Міндетті түрде қауіпсіздік техникасын еске салады. Әр ауысымнан кейін құтқарушылар 24 сағат кезекшілік атқарған әріптестерінен өрт сөндіру техникаларын, ал жүргізушілер машиналарын қабылдап алады.
«Өрт сөндіру бөлімінде әрбір құтқарушының өзіне жүктелген міндеті бар. Техникалар материалдық тұрғыдан құнды заттар болғандықтан, оларды мұқият күтіп-ұстаймыз. Бір ауысымнан кезекшілікті қабылдап алып, екіншісіне тапсыруға шамамен жиырма-жиырма бес минут уақыт кетеді. Қарауылдар ауысқаннан кейін құтқарушылар күнделікті кестесіне сәйкес кәсіби дайындықтарына кіріседі. Дайындық теориялық және практикалық кезеңдерден тұрады. Бұған қоса бізде өрт сөндіру бөліміне қарайтын ауданды зерттеп, қарап шығу деген бар. Яғни, өрт сөндірушілер қаланы аралап, гидранттарды тексереді, кіреберіс жолдарды зерттейді, жалпы сол ауданмен жақсылап танысады», - дейді Әзірбаев.
Қалада тыныштық орнап, ешқандай төтенше жағдай тіркелмесе, құтқарушылар күн тәртібіне сай дәріс тыңдайды. Әр қарауыл бастығы өзінің жеке құрамына сабақ өткізеді. Күн сайын шамамен үш сабақ өтеді екен. Сонымен қатар сапта жүріп-тұру дағдыларын меңгеру үшін өрт сөндірушілер міндетті түрде саптық дайындықтан өтеді.
Шахмардан Әзірбаевтың айтуынша, өрт сөндіру бөліміне түсетін шақыртуларды радиотелефонист қабылдайды. Диспетчер өрт туралы қоңырау түскен бойда дабыл қағады. Сиренаның дауысын естіген қарауыл бірден оқиға орнына жинала бастайды.
«Осы сәтте жүргізуші машинасын оталдырады, ал өрт сөндірушілер арнайы киімдерін киюге жүгіреді. Мұның бәріне оларға бір минут қана уақыт беріледі. Радиотелефонист жанып жатқан ғимараттың толық мекенжайын қарауыл бастығына хабарлайды. Сөйтіп өрт сөндірушілер бір минут ішінде оқиға орнына аттанады. Мұндайда әр секунд қымбат. Дер кезінде жеткен көмек адам өмірін сақтап қалады, сол себепті шапшаң қимылдауға, жылдам әрекет етуге баса мән беріледі», - дейді қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы.
Оның айтуынша, құтқарушылар уақыт жоғалтпас бұрын өрт сөндіруге арналған киімдер мен құрал-жабдықтарды, арнайы техникаларды күні бұрын дайындап қояды.
«Тілсіз жаумен арпалысып, өрт сөндіру бөліміне оралған соң, өрт сөндірушілер киімдерін тазалайды. Өрт сөндіру жеңдерін жуады, оны қайтадан кептіреді. Жүргізушілер көліктерін қарап, сорғыларды тексеріп шығады. Өрт сөндірушілер бөлімге қайтып келе жатқанда міндетті түрде өрт гидрантына аялдап, өрт сөндіру техникасын суға толтырып алады. Себебі өрт сөндіру бөлімінде көліктер үнемі сумен тұруы керек», - деп түсіндірді Шахмардан Әзірбаев.
Осыдан екі жыл бұрын Қосшы қаласында республикалық бюджет есебінен өрт сөндіру депосының құрылысы басталған болатын. Аумағы бір гектар жер учаскесінде салынып жатқан ғимараттың жалпы ауданы екі мың шаршы метрден асады. Өрт депосы кешенінің аумағында тұрғын үй, өрт сөндірушілердің жоспарлы дене шынықтыру сабақтарына арналған спорт алаңы орналасады деп жоспарланып отыр. Алайда, Шахмардан Әзірбаевтың айтуынша, қазір қаражат мәселесіне байланысты құрылыс тоқтап қалған.
«Қосшыдағы өрт сөндіру депосы бір гектар жерде орналасқан. Құрылыс 2022 жылғы шілдеде басталған, жоспар бойынша 2023 жылдың желтоқсан айында аяқталуы тиіс еді. Бірақ құрылыс материалдарының қымбаттауына байланысты мердігер қосымша ақша сұратып отыр. Осыған байланысты қазір құрылыс тоқтап тұр. Өйткені республикалық бюджеттен қосымша қаражат қажет», - дейді қалалық төтенше жағдайлар бөлімінің бастығы.
Оның айтуынша, өрт депосы пайдалануға берілгеннен кейін арнайы техникаларды қоятын орындар көбейіп, өрт сөндіру бөлімінің материалдық-техникалық базасы нығая түседі. Құрылысы басталған жаңа өрт депосына төрт техника сыяды екен.
Өрт депосы Қосшы қаласының тұрғындарын тілсіз жаудан дер кезінде қорғауға және оқиға орнына жету уақытын едәуір азайтуға мүмкіндік береді деп күтіліп отыр.
Қазір Қосшы қаласындағы өрт сөндіру бөлімінде елу шақты адам жұмыс істейді. Бір ауысымға бес-сегіз құтқарушы шығады екен. Апатты-құтқару жұмыстарын есепке алмағанда, биыл жыл басынан бері өрт туралы 110 шақырту түскен.
«Өзімнің өрт сөндіру саласында қызмет етіп жүргеніме он тоғыз жылдан асыпты. Еңбек жолын Астанадағы өрт сөндіру бөлімінің кіші инспекторы болып бастаған едім. Шыны керек, одан бері көп өзгерістің куәсі болдым. Төтенше жағдайлар қызметінің материалдық-техникалық базасы жақсарып келеді. Өрт сөндірушілердің жалақысы да біртіндеп көбейіп жатыр. Құтқарушылардың әлеуметтік жағдайына да көңіл бөліне бастады. Келесі жылдан бастап әскерилер сияқты өрт сөндірушілерге де тұрғын үй төлемдерін төлеу жағын қарастырып жатыр. Материалдық-әлеуметтік тұрғыдан құтқарушылар үшін бұл бір үлкен көмек болар еді», - деп Шахмардан Әзірбаев сөзін аяқтады.