Қосшы қаласында қайырымдылық іс-шаралар тек көмек көрсетумен шектелмей, тұрғындардың азаматтық белсенділігін дамытуға ықпал етеді
Қосшы қаласында тұрғындардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға және қоғамдағы бірлік пен өзара қолдауды нығайтуға бағытталған түрлі қайырымдылық іс-шаралар өтіп тұрады. Қаладағы осындай іс-шаралардың өткізілуіне Қосшы әкімдігі айрықша көңіл бөліп, түрлі қолдаулар көрсетеді. Әкімдіктің бұл бағыттағы саясаты қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуына, тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға және өзара көмек көрсетуді қалыптастыруға оң әсерін тигізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Әкімдік қолдауымен ұйымдастырылатын қайырымдылық шараларының басты бағыттарының бірі – Қосшы қаласындағы әлеуметтік аз қамтылған және көпбалалы отбасыларға көмек көрсету. Олардың қатарында әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға азық-түлік себеттері, киім-кешек және басқа да қажетті заттар жеткізіліп, түрлі мерекелік іс-шаралар аясында балаларға арналған сыйлықтар беріледі. Мәселен, оқу жылының басталуы кезінде «Мектепке жол» акциясы өткізіліп, балалардың мектепке қажетті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілуіне ерекше көңіл бөлінеді. Бұл бастама ата-аналарға үлкен көмек болып қана қоймай, балалардың білім алуға ынтасын арттырып, жаңа оқу жылын жоғары көңіл-күймен бастауына ықпал етеді.
Қосшы қаласында қайырымдылық іс-шаралар тек материалдық көмекпен шектелмейді. Қала әкімдігі мен еріктілер бірлесіп, қарттар мен жалғызбасты адамдарға көмек көрсетуді, олардың күнделікті тұрмыс-тіршілігін жеңілдетуді мақсат етеді. Қаладағы еріктілер үйден шыға алмайтын қарттарға қажетті заттарды жеткізіп, оларға медициналық көмек көрсету шараларын ұйымдастырады. Мұндай шаралар қарт адамдарға жан-жақты қолдау көрсетіп, олардың қоғамнан шет қалмауына мүмкіндік береді.
Қайырымдылық шараларын жүзеге асыруға әдетте Жастар ресурстық орталығы мұрындық болады. Мәселен, жуырда қала әкімдігіне қарасты жастар орталығы Қосшыда тұратын жалғызбасты көпбалалы анаға қажетті азық-түлік салынған себетті апарып берді.
Сонымен қатар, әкімдікке қарасты Жастар ресурстық орталығының мұрындық болуымен биыл жыл басы - Наурыз мерекесіне орай «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры балаларға арнап қайырымдылық шарасын өткізген болатын. Сауабы мол іс-шара аясында «QH Жаздық жолдама-2024» жобасы арқылы Тайтөбе ауылындағы жалпы білім беретін мектептің оқушыларына жазғы демалыс лагеріне бару үшін сегіз жолдама табыс етілген болатын. Аталмыш қордың ресми өкілі Марат Мұхамедсалиев қосшылық балаларды құттықтап, сертификаттарды мектеп директоры Гүлім Әлиеваға салтанатты жағдайда тапсырған болатын.
«Қазақстан халқына» қоғамдық қоры мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен 2022 жылы құрылып, осы уақыт ішінде денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау, білім беру және спорт салаларына бағытталған 80-нен астам қайырымдылық жобаның табысты түрде іске асуына себепкер болды. Бұл жобаларға шамамен 91 миллиард теңге бөлінген. Қордың білім беру саласындағы маңызды жобаларының бірі – ауыл мектептерінің әлеуетін арттыруға арналған «Ауыл тірек мектептері» жобасы болса, жазғы демалысқа арналған «Жаздық жолдама» жобасы да балалардың игілігі үшін жүзеге асырылып келеді», - делінген Қосшы қаласының әкімдігі таратқан хабарламада.
Сөз ыңғайы келгенде айта кетейік, өткен жылы «Қазақстан халқына» қорының демеуімен 19 754 оқушы жазғы демалыста білімін, ой-өрісін шыңдап, көкжиегін кеңейтіп, қызықты ойындар мен саяхаттарға қатысып, жаңа достар табуға мүмкіндік алды. Қордың осындай игі шаралары балаларға жаңа әсер мен білім беріп, олардың өмірлік тәжірибесін байытуға бағытталған.
Ал өткен жылы Ақмола облысының аумағында «Қайырымдылық керуені» конкурсын өткізіп, үздіктері марапатталған болатын. Сонда «Асар» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынға Қосшы қаласының тұрғыны Ардаби Мәулетұлы ие болған.
Ардаби Мәулетұлы – бала кезінен қазақ фольклорына ерекше ынтық болып, оны жинау, орындау және кеңінен тарату ісімен айналысып жүрген азамат. Ол әр аймақтың көнеден жеткен жырлары мен аңыздарын, халық әндері мен ертегілерін көздің қарашығындай сақтап, жаңа ұрпаққа жеткізу жолында талмай еңбек етіп келеді. Әр еңбегінде ұлттық қазынаның әрбір үлгісін тиянақтылықпен жинақтап, халқымыздың рухани мұрасын сақтап қалуға атсалысып жүр.
Ардаби Мәулетұлы тек қазақ фольклорын зерттеуші ғана емес, ол – ұлттық мәдениеттің қайталанбас мұрагері, тарихи жадымыздың сақтаушысы. Ол ұлтымыздың рухани қазынасын жинау мен зерттеуді – болашақ ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңірудің ең маңызды жолы деп санайды. Өйткені бұл – ұлттың рухани жаңғыруына жасалатын ең үлкен қайырымдылық, ұлттық мәдениеттің шынайы жанашырлығы. Ардаби Мәулетұлының еңбегі ұлтымыздың тек бүгінгі ғана емес, келешек ұрпағы үшін де бағалы рухани мұраны сақтауға қосқан өлшеусіз үлес ретінде жоғары бағаланады, деп жазады Қосшы әкімдігі.
Сөз орайы келгенде айта кетейік, биылғы көктемгі су тасқыны Ақмола облысын да айналып өткен жоқ. Ақмола облысының бірнеше ауданын еріген қар суы басып, жергілікті тұрғындар қиын жағдайда қалған еді. Қосшы, Жарқайың, Есіл, Целиноград, Шортанды, Ақкөл, Астрахан, Атбасар және Біржан сал аудандарында көктемге қардың жылдам қарқында еруі және Есіл мен Қызыл су өзендерінің деңгейінің көтерілуі нәтижесінде су тасқыны болып, маңайындағы елді мекендерді басып қалған. Есіл ауданының Знаменка, Ленин және Садовое ауылдарында ондаған үйін су басып қалған. Салдарынан жергілікті атқарушы органдар 100-ден астам адамды қауіпсіз жерге эвакуациялауға мәжбүр болды. Сол сияқты ауыл шаруашылығы жануарлары алдын ала қауіпсіз жерлерге жеткізілді. Сонымен қатар, Атбасар қаласындағы Жабай өзенінің су деңгейі де қауіпті деңгейге жеткендіктен, жүзге жуық адам, оның ішінде ондаған бала шұғыл түрде қауіпсіз орындарға көшірілді.
Міне, осындай қысылтаяң шақта Атбасар қаласының әкімдігі, сол сияқты әкімдікке қарасты мекемелер, жастар орталығы қиналған халықтың жанынан табылып, дер кезінде керекті заттармен қамтамасыз етті. Ал баспанасыз қалған облыс тұрғындарына өңір әкімдігі жергілікті кәсіпкерлермен бірлесе отырып, тұрғын үй мәселесін шешу жұмысын жүргізді.
Қосшы әкімдігі қайырымдылық шараларына тұрғындарды барынша қатыстыруды мақсат етеді. Әкімдік ұйымдастыратын түрлі акциялар мен іс-шараларға кәсіпкерлер де қолдау көрсетеді. Жеке бизнес өкілдері қаржылай және заттай көмек ұсынып, өздерінің әлеуметтік жауапкершіліктерін көрсете отырып, қаладағы әлеуметтік мәселелердің шешілуіне өз үлестерін қосады. Әкімдіктің бизнес қоғамдастықпен мұндай әріптестігі қайырымдылық мәдениетін дамытуға, қоғамдық сананы жақсартуға бағытталған маңызды қадам болып отыр.
Экологиялық қайырымдылық шаралар да қала тұрғындары арасында қолдау тапты. Қала әкімдігі ұйымдастыратын сенбіліктер мен экологиялық акциялар қала тұрғындарын табиғатты қорғауға және қоршаған ортаны таза ұстауға үйретеді. Мұндай іс-шаралар қала экологиясының жақсаруына ғана емес, қоғамның табиғатқа деген көзқарасын қалыптастыруға және жастардың экологиялық санасын арттыруға ықпал етеді. Әкімдік осы бағытта түрлі челлендждер мен эко-акциялар ұйымдастырып, тұрғындарды белсенді қатысуға шақырады
Мерекелерде де қайырымдылық шаралар өткізу дәстүрге айналған. Әсіресе Жаңа жыл, Наурыз және Құрбан айт секілді мерекелер кезінде қалада аз қамтылған және әлеуметтік қолдауға мұқтаж отбасыларға арнайы көмектер ұйымдастырылады. Бұл шаралар тұрғындарға рухани қолдау көрсетіп, олардың мерекені жылы атмосферада өткізуіне жағдай жасайды. Әкімдік тарапынан көрсетілген мұндай қамқорлық қаланың барлық тұрғындарына қуаныш сыйлайды және қоғамдағы бірлікті нығайтады.
Қосшы қаласында қайырымдылық іс-шаралар тек көмек көрсетумен шектелмей, тұрғындардың азаматтық белсенділігін дамытуға ықпал етеді. Әкімдік пен волонтерлердің бірлескен жұмысы қайырымдылық мәдениетін қалыптастыруға, қалада өзара түсіністік пен жанашырлықты дамытуға мүмкіндік береді. Қосшы әкімдігі алдағы уақытта да қайырымдылық шараларына назар аударып, осындай бастамаларды қолдай бермек. Қайырымдылық іс-шаралары арқылы қала тұрғындарының бір-біріне деген қолдауы мен сенімі артып, Қосшы қаласының қоғамдық өмірі жақсара түсуде.