$ 488.91  532.62  5
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Астана соты аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды тасымалдаған азаматқа үкім шығарды

Ол Telegram мессенджері арқылы жұмыс берушісімен хат алмасып, оның нұсқауы бойынша әрекет етіп отырған

Астана соты аса ірі мөлшерде психотроптық заттарды тасымалдаған азаматқа үкім шығарды
Фото: © istockphoto.com

Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты аса ірі мөлшерде психотроптық заттардың аналогын заңсыз сақтау және тасымалдау ісі бойынша азамат А.-ға қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Іс материалына сәйкес, сотталушы А. психотроптық заттардың аналогын (меткатинон, эфедрон) тасымалдаушы курьер ретінде жұмыс істеген. Ол Telegram мессенджері арқылы жұмыс берушісімен хат алмасып, оның нұсқауы бойынша әрекет етіп отырған. Тергеу нәтижесінде, А.-ның Астананың әртүрлі аудандарында қалдыру мақсатында 26,13 грамм көлемінде (аса ірі мөлшер) 27 бума психотроптық заттарды көлігінде заңсыз сақтағаны анықталды.

Сотталушының кінәсі көлігін тінту хаттамасы, тінту бейнежазбасы, психотроптық заттарды зерттеген сот-химиялық сараптама нәтижелері, сондай-ақ куәгерлер мен полиция қызметкерлерінің айғақтары арқылы дәлелденді.

Сот барысында прокурор А.-ға 12 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Ал сотталушы өз кінәсін ішінара мойындап, көлігінде 27 бума психотроптық заттардың аналогын сақтағанын мойындаса да, оларды сату мақсаты болмағанын алға тартты.

«Қылмыстық кодекстің 297-бабының 3-бөлігі бойынша айып тағылған жағдайда, 10 жылдан 15 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылады. Сот, сотталушының кәмелетке толмаған балаларын ескере отырып, жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ. Судья мен алқабилер соты Қылмыстық-процестік кодекстің 656-бабы тәртібінде шешім қабылдап, А.-ны 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесіп, қылмыс құралы ретінде пайдаланған автокөлігін тәркіледі. Үкім заңды күшіне енген жоқ», - делінген хабарламада.

Серіктес жаңалықтары