Су әлемінің батырлары: сүңгуір-құтқарушының шынайы өмірі
Ақмола облысының ТЖД қызметкері жұмыс барысындағы қиындықтар туралы айтты
Жыл сайын судан келетін қауіп-қатер мен өлім-жітім саны аз емес. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше Қазақстанда соңғы 10 жылда 2 240 адам, оның ішінде 701 бала суға кетіп көз жұмған. Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысы Төтенше жағдайлар департаменті жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлім басшысы Әсет Шәріповке хабарласып, қиын да қызықты мамандықтың қыр-сыры, жалпы суда құтқару жұмысының қалай болатыны туралы сұрап білді.
– Сүңгуір-құтқарушы болу қиын мамандықтардың бірі екені анық. Бұл саланы таңдауға сізге не түрткі болды?
– Өзім бала күнімнен суды жақсы көремін. Туып-өскен ауылымда достарымызбен бірге шомылуға баратын көл болатын. Достарымызбен суға шомылып, сүңгіп жарысатынбыз. Сосын су астынан шаянды кім көп жинайды деп бәсекеге түсетінбіз. Маған бұл өте ұнайтын. Оның үстіне мен су астында өзімді өте еркін сезінетінмін. Кішкентай кезімнен су астында жүретін адамдарға қатысты түрлі кино, деректі фильмдерді көріп өстім. Құтқарушы, сүңгуірлер жайында қызықты деректі фильмдер көп. Мысалы «Одисея Жака Кусто» және «Человек амфибия» менің ең сүйікті фильмдерім болды. Азаматтық қорғаныс саласында 2014 жылдан бері жұмыс істеймін. Дәл осы жылы Көкшетау қаласындағы су-құтқару станциясында сүңгуір курсынан өттім. Сосын кейінгі жылдары Ақтөбе мен Алматы қалаларында білім алып, біліктілік деңгейімді арттырдым.
– Сүңгуір-құтқарушы мамандығы қаншалықты қауіпті? Қандай қиындықтары бар?
– Мен бұл қызметке 2014 жылы келдім және шамамен 7 жыл бойы сүңгуір құтқарушы лауазымында жұмыс істедім. 2022 жылдан бастап Ақмола облысы ТЖД Жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлімшесінің басшысы лауазымында жұмыс істеп келемін. Сүңгуір-құтқарушының жұмысы – судағы зардап шеккендерді құтқару және суға батқан адамдарды іздеу. Бұл тиісті дағдылары мен тәжірибесі бар жоғары деңгейдегі мамандар деп ойлаймын. Сүңгуір-құтқарушылардың жұмысындағы негізгі қиындықтардың бірі – жоғары су қысымының денеге әсері. Үлкен тереңдікке сүңгу кезінде ауырып қалу және тіпті өлімге әкелетін декомпрессиялық ауру қаупінің мүмкіндіктері жоғары. Осыған байланысты сүңгуірлер декомпрессия ережелерін қатаң сақтап, сүңгу алдында және суға түскеннен кейін арнайы процедураларды қатаң сақтауы тиіс.
Сонымен қатар, біздің жұмыстағы тағы бір қауіпті құбылыс – су астындағы көрінудің төмендігі. Біздегі су қоймаларында көріну деңгейі нөлге тең, ал бұл тапсырмаларды орындауды қиындатады. Сондықтан сүңгуірлер көрінбейтін жағдайда және су астындағы шамдар мен камералар сияқты арнайы құралдарды пайдалана білуі аса қажет. Су астында сүңгуірлер кейде тіпті төрт аяғымен қозғалады. Оның үстіне әрине, батып кеткендермен жұмыс әрдайым жағымды бола бермейді. Суға батып кеткен адамды алып шығару психологиялық тұрғыда өте қиын, әсіресе балалар болса, жаныңызға жара салып, көпке дейін ұмыта алмай жүресіз.
– Бұл салада еңбек ету үшін адамға тағы қандай дағдылар қажет?
– Сүңгуір-құтқарушы болу оңай емес. Жоғарыда айтқанымдай, біздің жұмысымыз негізінен суға батқан адамдарды табумен байланысты және осыған байланысты біз өз жұмысымызда жеңіл сүңгуір жабдықтарын жиі қолданамыз. Қысыммен, кейде суық суда, арнайы костюмдерде жұмыс істеу керек, олардың салмағы жабдықпен бірге 50 килограмға жетеді. Оның үстіне сүңгуірдің жұмысы тәжірибелі әрекеттерге байланысты болуы мүмкін. Сүңгуір-құтқарушылардың жұмысы физикалық төзімділікті және жақсы физикалық формасын талап етеді. Олар су астындағы ауыр заттарды көтеріп, жылжыта алуы, сондай-ақ қиын ағыстар мен күшті толқындарда жұмыс істеуі керек.
Сүңгуір мамандығы үнемі дайындық пен жетілдіруді қажет етеді. Дене шынықтыруды сақтап қана қоймай, теориялық базаны, практикалық дағдыларды меңгеру қажет. Әр ауысымда сүңгуірлер суға түсіп жаттығады. Орташа алғанда, олар шамамен бір сағатқа созылады. Осы дағдылар арқылы олар тыныс алуды жаттықтыра отырып, су астында дұрыс демалуды үйренеді.
– Сіз қазір облыстағы жедел құтқару жасағының сүңгуір-құтқару бөлім басшысы болып жұмыс істейсіз. Қатардағы сүңгуірші мен басшылық қызмет арасындағы байланыс пен қиыншылықтар туралы айтып берсеңіз?
– Сүңгуірлер командада жұмыс істейді. Мәселен былай бір сүңгуірші су астына түседі, екіншісі сүңгуірдің жетекшісі болып жағдайды бақылап отырады, ал үшіншісі – сүңгуір, біріншісін сигналдың ұшымен (арқанмен) бағыттайды, өйткені су астында ештеңе көрінбейді, ал төртіншісі – сақтандырушы сүңгуір. Су астындағы қозғалыстар белгілі бір жолмен жүзеге асырылады. Сүңгуір кейде тіпті төрт аяқтап қозғалады, сүңгуір су астында жетекшісінің сигналдарына назар аударады. Бұдан бөлек, сүңгуірдің суға түсу қауіпсіздігі көбінесе олардың орындалу жағдайына байланысты. Сонымен қатар, топ жетекшісі су ағынының жылдамдығын, ауа температурасын, тәулік уақытын, жел күшін және басқа да факторларды есепке алып, алдын ала мұқият ойластырып, жоспарлауы керек. Бұл топ жетекшісінің негізгі жауапкершіліктерінің бірі.
– Иә, сіздердің жұмыстарыңыз физикалық және психологиялық жағынан қиын екені айдан анық. Суға батып кеткен адам аман табылмайды… Десе де соңы жақсы болып аяқталған оқиғалар болды ма?
– Шыны керек, ондай оқиғалар өте сирек болады. Бірақ бір оқиға әлі есімде. Көктемгі су тасқыны кезінде Атбасардағы Жабай өзенінің тасуы салдарынан ер адам батып кетті деген күдікпен біздің құтқарушылар командасын шақырды. Бірінші күнгі іздеу жұмыстары еш нәтиже бермеді. Алайда суға батып кеткен деп саналған адам қамыстардың арасынан тірі, аман-сау табылды. Құтқарылған адам сүңгуір костюмдерін киген құтқарушыларды көріп қуанып қатты кетті. Өзіміз де оның аман екендігін көргенде қатты қуандық. Жалпы адамдардың қуанышын көргеннен артық бақыт жоқ деп білемін.
– Сіз кәсіби маман ретінде сүңгуір-құтқарушы болғысы келетін өскелең ұрпаққа қандай кеңес бересіз?
– Менің ойымша, қазір сүңгуір мамандығы өте сұранысқа ие және біздің әлемде өте маңызды рөл атқарады. Олар қай уақытта болмасын қажетті мамандар болып қала береді. Себебі, сүңгуірлер адам өмірін құтқарып қана қоймай, сол сияқты су астында әртүрлі жұмыс түрлерін орындайды. Атап айтқанда жөндеу жұмыстары, су асты құрылғыларын орнату, қызмет көрсету, іздеу және құтқару, ғылыми зерттеулер жүргізу сияқты қажетті жұмыстар атқарады. Оның үстінге технология бір орында тұрып қалып жатқан жоқ, әлем күнде өзгеріп жатыр. Сүңгуір бизнесі мен технологиясының болашағы да су асты әлемін зерттеуде серпіліс жасайды деп ойлаймын. Сондықтан осы мамандыққа келгісі келетін жастарға айтарым су астында күтпеген жағдайлар болған кезде үрейленбеу және барынша салқынқанды әрекеттер жасау керек. Біздің салада жылдам шешім қабылдай білу және стандартты емес жағдайларда нақты ойлау, стресске төзімділік аса қажет деп білем.
– Уақытыңызды бөліп, сұхбаттасқаныңызға рақмет!