$ 514.94  583.74  6.13
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

Сот үкіміне пысқырмаған ҚазҰМУ-ден оқытушы 10 миллион теңге өтемақы өндіріп алмақ

Доцент басшылық тарапынан қудалауға ұшырап, жұмыссыз қалғанын айтады

Сот үкіміне пысқырмаған ҚазҰМУ-ден оқытушы 10 миллион теңге өтемақы өндіріп алмақ

С.Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-дің бұрынғы оқытушысы Кенже Шекеева университет басшылары өзін қудалап, заңсыз жұмыстан шығарды деп мәлімдеді. Бір жылдан бері жұмыссыз қалған доцент оқу үлгерімі нашар студенттер үшін басшылық баға қоюды талап еткенін айтады. Ал оқытушы тиісті балл жинай алмаған шәкірттерді емтиханнан өткізуге қарсы болған.

«Мені жұмыстан қудалаған – ректор аппаратының жетекшісі Б. Аубакиров. Олар маған емтихан тапсыра алмаған 9 студентке қажетті балды қоюды талап етті, ол студенттер сабақтан екі алған, қысқасы. Бар мақсаттары соларды өткізу болды. Бірақ сол 9 студентке мен ешқашан сабақ бермегенмін. Бірақ олар мен емтиханда  айғайлады деп қарсы арызданып, білгендерін айта алмай, ұмытып қалғандарын жеткізген. Алайда ол студенттер екі рет емтихан тапсырса да, өте алмай құлап қалған екен. Ал емтиханнан құлаған студенттердің балын өтірік көтермелеп, басқа оқытушылар өткізіп жіберген. Есесіне, маған емтиханды дұрыс жүргізбедің деп қатаң сөгіс берді, соңында тағы бір себеп тауып жұмыстан шығарылдым», - дейді университетті сотқа берген оқытушы Кенже Қалқаманқызы.

Химиялық фармацевтика пәндері кафедрасының оқытушысы университеттегі өзге де келеңсіздіктерді жіпке тізіп, еңбек инспекторына, прокуратураға, білім саласын бақылау департаменті сынды мемлекеттік мекемелерге арыз жазған. Тексеріске студенттердің қажетті балл жинай алмаса да, емтиханнан кедергісіз өтуі себеп болған. Бағаның көтермелеп қойылғанын Алматы қалалық Білім сапасын бақылау департаменті де растап, бұған жол берген ұстаздарға қатаң сөгіс жариялады.

Дегенмен, кафедра меңгерушісі мен ректорат оқытушы Кенже Шекееваны 2019 жылы 14 тамызда 3 сағат себепсіз жұмыста болмады деп мәлімдеп, арадағы еңбек келісімшартын бұзады. Қудалауға тап болдым деген оқытушы Алматы қалалық Алмалы аудандық сотына арызданған.

«Мен өз мамандығымды жақсы көремін. Әрі студенттермен жұмыс істеген ұнайды. Егер менің білімім жетпесе, әңгіме басқа. Бірақ арнайы комиссия менің білімімді тексеріп, 95,5 балл қойған. 3 сағат жұмыста болмады дегендері негізсіз. Мен сол күні жұмыста болғам. Олар оның алдында ғана аз уақыт бұрын қатаң ескерту беріп, іле-шала жұмыстан шығарды. Аубакиров (ректор аппаратының жетекшісі – авт.) бұрын қалалық Қаржы полициясы басшысының орынбасары болып тұрғанда, ҚР ҚК 308-бабымен сотталып шыққан. Қазір ол ректор Нұрғожиннің сенімхаты негізінде университетте жұмыс істеп отыр. Оның медицина саласына ешқандай қатысы жоқ.  Олар мені біржақты келісім негізінде шығарды, құжатта екіжақты келісім деп көрсетеді. Асфендияров институтында өздеріне ұнамайтын қызметкерлерді осылай шығара береді», - дейді оқытушы.

Ал жауапкер ретінде сотқа келген университет өкілі Қ. Керімбек «№2 оқу ғимаратындағы фармацевтика-токсикологиялық химия, фармакогнозия және  ботаника кафедрасында бекітілгендіктен, оқытушының кітапханада, оқу ғимаратының алдында және №301 кабинетте отырғаны жұмыс уақытына жатпайды» деген уәж айтқан.

Алайда, Алматы қаласы Алмалы ауданының №2 аудандық сотының  судьясы А.Бакиева бұл доцентті жұмыстан шығаруға жеткіліксіз деп тапты. Сөйтіп, оқу орны басшылары  бұрынғы қызметкермен 6 ай соттасып, ақыры жеңіліп қалған. Сот жарты жыл жұмыссыз жүрген оқытушының пайдасына университет тарапынан 1 миллион 423 мың теңге төлеуді міндеттеп, жұмысқа қайта орналастыру туралы үкім шығарады.

Бірақ сот үкімін орындамаған (жұмысқа қайта орналастыру - авт.) университет басшыларынан оқытушы енді 10 миллион теңге өндіртіп алмақ.  Азаматтық істер жөніндегі апелляциялық сотқа арызданған Шекеева университеттің лауазымды тұлғаларына қандай жаза қолдану керек екенін де өз арызында көрсеткен. 

«ҚР Қылмыстық кодексінің 152-бабының 1-тармағына сәйкес, еңбек келісімшартын заңсыз бұзғаны үшін атқару парағын, сот шешімін орындамағаны үшін ректор аппаратының жетекшісі Б.Аубакировке, заң бөлімінің жетекшісі М. Гаитоваға, декан З. Сакиповаға, кадр бөлімінің бастығы М. Сапаковаға 160 сағат, 40 тәулік қамауға алу немесе 1 жыл ректор аппаратының жетекшісі Б. Аубакировті қызметінен айыру, З. Сакипованы декан қызметінен, М. Гаитованы заң бөлімінің жетекшісі, М. Сапакованы кадр бөлімінің бастығы қызметінен айыру заңда көзделгендіктен, сіздерден Б. Аубакировке, М. Гаитоваға, З. Сакиповаға, М. Сапаковаға жеке ұйғарым шығаруыңызды сұраймын», - деп жазылған оқытушы Кенже Шекееваның сотқа жолдаған арызында.

Сотта университетті адвокатсыз жеңіп шыққан доцент жұмыссыз жүрген бір жыл ішінде заңды жаттап алғанын айтады. ЖОО басшылығы Еңбек кодексін өрескел бұзды деп санаған ол моральдық өтемақы ретінде 10 миллион теңге өндіріп алуды көздейді.

«С.Ж. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті коммерциялық емес акционерлік қоғамының баспасөз жетекішсі Марина Тян бұл мәселеге қатысты басшылықтың тек сауалхат арқылы жауап беретінін жеткізді. Университет пен доценттің арасындағы келесі сот алдағы аптада жалғасады.

Серіктес жаңалықтары