«Бізге тағылған айыптар жалған»: Ақтауда аурухана терезесінен секірмек болды деген ер адамның қызы мәлімдеме жасады

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адамның туыстары медициналық қызметкерлердің үстінен шағымданып отыр

Фото: lada.kz

Маңғыстау облыстық ауруханасында өзіне қол жұмсамақ болды деген ер адамның жақындары бұл ақпараттың негізсіз екенін айтып, мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жергілікті Lada.kz басылымының жазуынша, облыстық көпсалалы ауруханаға 1972 жылы туған ер адам микроинсульт диагнозымен түскен. Ер адам аурухана палатасының терезесінен секіріп, өзіне қол жұмсамақ болған. Дегенмен аурухана қызметкерлері оны терезеден секіргелі тұрған жерінен құтқарып қалды. Ал ер адамның мұндай қадамға баруына отбасылық мәселелер себеп болғаны көрсетілген.

Енді сол ер адамның жақындары суицид әрекеті туралы нұсқаны жоққа шығарып, керісінше, медициналық қызметкерлердің үстінен шағымданып отыр.  

«23 қазан күні ол жұмыстан әдеттігеден ерте оралды. Басының ауырып тұрғанын айтты. Сондай-ақ, ол отбасы мүшелерінің атын атай алмағандықтан жедел жәрдем шақырдық. Оны облыстық ауруханаға жеткізді», - дейді ер адамның туыстары.

Олардың айтуынша, науқастың қызы 24 қазан күні кешкі сағат 19.00-де әкесін көріп кету үшін ауруханаға келген. Бірақ медициналық мекеме қызметкерлері келу уақыты аяқталғанын айтып, ішке кіргізбеген. Негізі ауруханаға 20.00-ге дейін келушілердің кіруіне рұқсат етіледі.

«Бұл туралы естігенде әкем қатты агрессияға берілді. Дәрігерлер оған микроинсульт диагнозын қойды. Мидың сол жақ бөлігінің қанмен қамтамасыз етілуі бұзылғандықтан, ол өзінің көп әрекетін түсінбеді. Инсульт әлі де дамып келеді. Мидың сол жағы жұмыс істемейтіндіктен, ол көп нәрсені түсінбейді. Дәрігерлер бірінші күні бізге мұндай науқас қажет емес екенін айтып, әкемді алып кетуді өтінді. Бірақ инсультпен ауыратын адамды қайда апара аламын? Бұл олардың жұмысы емес пе? Ондағы медицина қызметкерлері өте дөрекі. Анама әкемнің жанында болуға мүмкіндік бермеді, уақытынан бұрын шығарып жіберді. Ал анам жанында болмағандықтан, ол терезені есік деп ойлап, сол арқылы сыртқа шығуға тырысқан», - дейді науқастың қызы.

Ер адамның туыстары да палатада оқиға кезінде қандай себептермен бірде-бір медициналық қызметкер болмағаны туралы Денсаулық сақтау басқармасына сауал жолдады.

«Бұл істі тезірек жабу үшін олар бәріне бізді кінәлауға тырысуда. Желіде тараған видео біздің жағдайымызды нашарлатып, қатты күйзеліске түсірді. Біз күндіз де, түнде де дұрыс ұйықтай алмаймыз. Мен бұл жалған айыптауларға үзілді-кесілді қарсымын. Істің мәнін түсінбей тұрып жалған ақпарат таратпауларыңызды сұраймын. Біз үлгілі отбасымыз және бізге тағылған барлық айыптар жалған», - деп мәлімдеді ер адамның туыстары.