Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған прокурор танымалдығы туралы пікір білдірді

Автор: Azattyq Rýhy

Ол ешқашан танымал болуды қаламағанын атап айтты

Фото: instagram.com/aimaganova_a

Атышулы Бишімбаев ісі бойынша мемлекеттік айыптаушы болған прокурор Айжан Аймағанова өзінің қазіргі танымалдығы туралы пікір білдіріп, әлеуметтік желіде жазба жариялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Прокурор өзінің танымал болуға ешқашан тырыспағанын атап өтті.

«Көп нәрсені көңілдегін сіздерге шығарайын деп едім, жүрегіме сыймай жүр. Осы жартыжылда өмірге деген көзқарасым күрт өзгерді - мен көпшілікке танымал болдым. Осы жағдай мені қынжылтады. Шынында, мен көпшілікке танымал болуға ешқашан тырыспаған адаммын, ол үшін жанымды салып, жарқырап жүруге ешқандай құмарым да, құлқым да жоқ. Абай айтқандай, «өзіңде бармен көзге ұрып, артылам деме өзгеден». Бірақ өмір өз ережелерімен жүргізеді екен. Осы таныстықтың арқасында көмек сұрағандар да бар, біреулеріне шама жетіп жатса, өкінішке орай, көмек бере алмай жатқан жағдай да бар. Шама жетпейді, ол маған да оңай тимейді», - деп жазды прокурор.

Айжан Аймағанова барды бардай қабылдауды өмірдің өзі үйреткенін тілге тиек етті.

«Әрине, бәріміздің көзқарасымыз әртүрлі, бәрімізді біріктіретін нәрсе - Адам болуға ұмтылыс. Пост жазбай тұрып, көп толғанамын, ойланамын, өз-өзімді сынаймын, сіздердің сынды қабыл аламын. Бірақ, шынымды айтсам, пост жазып, масаттана қоймаймын. Барды бардай, жоқты жоқтай қабылдауды өмір өзі үйретті», - деп жазды Аймағанова.