Қазір ішкі істер министрлігінің бұйрығы жария талқылауда жатыр
Қазақстандағы мопедтерді ресми тіркеу осы жылы желтоқсанда басталуы мүмкін. Бұл туралы бүгін мәжіліс кулуарында ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Журналистер ішкі істер министрінің орынбасарынан елімізде неше мопед бар екенін және олар тіркеуден өте алмаса, не істейтінін сұрады.
«Шамамен бір айдан кейін тіркеу басталады деп ойлаймын. Қазір біз бұйрықты талқылауға шығардық, енді оған қол қойсақ, қарашаның соңына дейін осы мәселені аяқтаймыз. Менің ойымша, 1-желтоқсаннан бастап Қазақстанда мопедтерді тіркеу басталады. Біздің есебіміз бойынша, Қазақстанда 70 мыңнан астам мопед бар», - деді Лепеха.
Жалпы, оның айтуынша, мопедттер тіркеуден өте алмаса, оларды техникалық тексеруден өтуге міндеттеу мәселесі қаралуы мүмкін.
Айта кетейік, бұған дейін біз елімізде мопед жүргізушілері көлігін тіркеу үшін қандай құжаттар дайындау керек екенін түсіндіріп жазғамыз.