Қарқаралыдағы қаза: өрт сөндіруші Хайрат Хали екі айдан кейін отбасына сүйген қызын таныстырмақ болған

Автор: Аягөз Құрмаш

Марқұм ата-анасымен бірге тұрған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қарағанды облысы Қарқаралы ауданында 33 жастағы өрт сөндіруші Хайрат Хали қаза тапқан еді. Саран қаласының 24-өрт сөндіру бөлімінің аға өрт сөндірушісі бұл салада еңбек етіп жүргеніне 10 жылға жуық уақыт болған. Үш күн бұрын жақындары марқұмды жер қойнына тапсырды. Azattyq Rýhy марқұмның туған ағасы Талғат Хали мен туған бауыры Еламан Халиге көңіл айта отырып, бейбіт күннің батырын еске алды. 

Хайрат Хали төрт ағайынды. 2000 жылы отбасымен бірге Моңғолиядан Саран қаласына көшіп келген.

«Ағам отбасындағы екінші бала. Екеуміздің арамыз 9 жас. Кішкентай кезіміздегі көп оқиға еміс-еміс есімде. Бірақ ағам (Хайрат Хали) кішкентай кезінен өте бауырмал болып өсті. Өзімнің есімде жоқ, анамның айтуы бойынша мені жүруге үйреткен осы Хайрат ағам екен. Мен 1-сыныпқа барғанда ағам әлі мектепте оқитын. Мектепке таңертең күнде бірге баратын едік. Мектеп бітірген соң ол әскерге Отан алдындағы борышын өтеуге кетті. Келген соң бірден өрт сөндіруші болып жұмысқа орналасты. Мен өзім Қарағанды облысына мектеп-интернатына оқуға түстім. Үлкен ағаларым Моңғолияда өмірге келген. Мен Саран қаласында туғамын. Қазір екі ағам үйленген, балалы-шағалы, Қарағандыда тұрады», - дейді Еламан Хали.

Еламанның өзі қазір Астанада математика пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Қаралы хабарды жеңгелері естірткен соң бірден туған жеріне жолға шыққан.

«Ата-анама суыт хабарды төтенше жағдайлар басқармасы жеткізіпті. Бізге айтқандай, ағам өрт болып жатқан жерде жан тәсілім еткен. Қарқаралыдағы өртті сөндіру үшін іссапарға атанған еді. Екі айдан кейін, яғни, желтоқсанда сүйген қызын ата-анама әкеліп, таныстырмақ болып жүріпті. Өзінің жұмысын жақсы көретін. Жұмысқа тәулікке шыққанда көтеріңкі көңі-күймен кетіп, дәл солай оралатын еді. Жұмыстан ешқашан кешікпейтін. Бізге жұмыстағы мәселелері жайлы көп айта бермейтін. Өз жұмысында жақсы маманы болды деп ойлаймын», - дейді Еламан Хали.

Оның айтуынша, Хайрат марқұм Сарандағы қара шаңырақта әке-шешесімен бірге тұрған.

«Біз қарапайым отбасымыз. Әке-шешем зейнетке әлі шықпады. Әкем 62 жаста, анам 56-да. Екеуі де күзетші болып жұмыс істейді. Әкем кейде такси жүргізушісі  болып нәпақа табады», - дейді ол.

Еламанның айтуынша, қызмет бабында қаза тапқан құтқарушыны жерлеуге Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті мен Саран қаласының әкімдігі атсалысқан. Кейін қарағандылықтар батырдың есімін мәңгі есте сақтау үшін ескерткіш орнатуды ұсынған. Хайраттың інісі осы мәселеге қатысты да пікірін айтты.

«Бұндай ұсынысты біз айтқан жоқпыз. Халықтың ұлы болған соң өрт кезінде қаза тапқан соң халық қолдап жатыр. «Ер есімі – ел есінде» дейді ғой, бұл дұрыс та шығар. Ағам – халықтың ұлы. Жүрегі кең, әркімге көмектесуге дайын тұратын еді. Бауырға да, өзгеге де өте бауырмал болды. Мен үшін ағам батыр, тілсіз жаумен күресу жолында от ортасынан оралмаған бейбіт күннің батыры», - дейді ол.

Еламан Хали ағасы соңғы рет мұғалімдер күнімен құттықтағанын айтып, көңіл босатты.

«Осыдан бір апта бұрын әкем мен ағам қой сойып жатқан видеоларын жіберіп «сені күтіп отырмыз, қашан келесің?» деп еді. Ағамның соңғы хаттарының бірінде мені кәсіби мерекем - мұғалімдер күнімен құттықтаған еді. Сол кезде жұмыс бойынша іссапарға шығып бара жатқанын айтты. Ең өкініштісі, ағамның соңғы сәттерін көре алмадым», - дейді Еламан Хали.

Хайраттың аға-інілері ата-анасының қасында тұрған ағасының орнын жоқтатпаймыз дейді.

«Ата-анамыздың қасында кім тұратынын шешкен жоқпыз. Бірақ қайткен күнде де ата-анамызды жалғыз қалдырмаймын. Мүмкін, мен барамын қастарына, ағаларым да Қарағандыда, Сараннан жырақта емес», - дейді ол.

Ал марқұмның туған ағасы Талғат Хали інісі 2-сыныптан бастап күреске қатысып, спортта белсенді болғанын айтады.

«Футбол да ойнады, мектепте түрлі спорттық жарыстарға да қатысты. Саран спорт мектебінің намысын қорғады. Жұмысқа орналасқалы да департамент атынан түрлі чемпионаттарға қатысты. Достары өте көп. Көрші-қолаңмен де жақсы қарым-қатынаста болды. Інім осындай болатын», - дейді Талғат.

Ол қайғылы оқиға болғанда Ресейде жүргемін дейді. Інісінің күйген денесін үйдегі Нұрбат есімді ұл ғана көрген. Сөзінен ұққанымыз - марқұм өрт сөндіруші Хайрат Халидің денесіне көп зақым келген. 

«Ата-анама інімнің қаза болғанын ТЖМ басшылығы келіп естіртіпті. Ол кезде мен Ресейде едім. Маған бауырларым хабарласып айтты. Сүйекке түсуге Нұрбат інім кірді. Бірақ ондағы көріністі ешкімге айтқысы келмеді. Сондай-ақ оны отбасындағы өзге адамдардың көруін қаламады», - дейді ол.

Талғат Хали бауырына қатысты кез келген игі бастамаларды қолдауға әзір.

«Біз де естіп жатырмыз, тұрғындар ескерткіш орнату бастамасын ұсынған екен. Әрине, бауырымызға қатысты жақсы бастамалар көтерілсе қолдаймыз. Көше атын беріп, ескерткіш қоямыз десе де қарсы емеспіз. Бауырымыздың аты ешқашан өшпейді», - дейді Талғат Хали.  

Еске салсақ, Хайрат Халиды Қарағанды жұрты 8 қазанда соңғы сапарына шығарып салды.