Облыста ауыр қылмыстардың көбі алкоголь салдарынан болады
Ақмола облысында 85 сауда орнының иесі алкоголь өнімдерін заңсыз сатқаны үшін жауапкершілікке тартылды деп хабарлады Ақмола облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицейлердің мәліметінше, Ақмола облысында 5 мыңға жуық адам маскүнемдікке салынған. Ал, аса ауыр қылмыстар мен жол-көлік оқиғаларының негізінен алкогольді ішімдіктің салдарынан болған.
«Тек биылғы жылдың өзінде ішімдік түрлерін заңсыз сатқан 85 сауда нүктесінің иесі жауапкершілікке тартылып, лицензиясы тоқтатылды. Жасырын жолмен ішімдік сатып, пайда тауып жүргендерді полицейлер күн сайын анықтап жатыр. Бұл бір жағынан көлеңкелі бизнеске тосқауыл болса, екіншіден түрлі бұзақылықтар мен тұрмыстық қылмыстардың алдын алады», - дейді полиция департаментінің баспасөз хатшысы Гүлнар Пинчук.
Мұнымен қоса, тек жыл басынан бері қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін 3962 ақмолалық тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Сондай-ақ, көлікті мас күйінде жүргізген 287 жүргізуші айыппұл төлеген.
Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы