Депутат денсаулық сақтау министріне сауал жолдады
Бүгін мәжілістің жалпы отырысында денсаулық сақтау министрінің атына депутаттық сауал жолдаған «AMANAT» фракциясының мүшесі Екатерина Смышляева дәрігерлердің бас ауруына айналған біліктілік категориясы туралы мәселе қозғады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Кез келген саланың дамуы сол салада жұмыс істеп жүрген адамдарға әділ жалақы төлеуден басталады. Бұл әрине денсаулық сақтау саласына да қатысты. Әділдіктің бір негізгі бағыты – жұмысшының біліктігіне қарай ақы төлеу. Міне, дәрігерлер соңғы бес жылдан бері осы мүмкіндіктен айырылып отыр», - дейді депутат.
Оның айтуынша, даудың бәрі денсаулық сақтау туралы жаңа Кодекстен басталған.
«2020 жылы денсаулық туралы жаңа Кодекс біліктілік категорияларын бекітетін институтты жойды. Бұл идеяның авторлары қандай мақсатты көздегені белгісіз. Бірақ, сондай шешім қабылданды. Бір кездері бұл мәселе медицина саласындағы қызметкерлерге жалақы төлеу жүйесінде коллапс тудырды. Жоғары білікті мыңдаған маман бір жылдан астам уақыт бойы мардымсыз жалақы алып келді. Ауруханалар кадрларынан айырыла бастады. 2022 жылы мәселе шешілді. Кәсіподақ пен министрлік салалық келісімге келіп, соған сай медицина қызметкерлері жалақы ала бастады. Уақыты өткен жалақыларын да алды. Алайда, бұл тәсіл кредиттік қарызы жоқ, қаржысы бар ауруханалар үшін ғана оңтайлы болды», - дейді ол.
Бірақ, депутат бұл салалық келісім мәселені тек уақытша шешіп бергенін айтып, қайткен күнде де сол категорияларды қайтару керек екенін айтып отыр.
«Осылайша, біліктілік тағайындайтын институтты қайта қалпына келтіру үшін және біліктілік дәрежесін бекітетін тетікті әзірлеу үшін 5 жыл уақыт кетті. Олардың айтуынша, категориялар жан-жақты қаралу керек еді. Сондай-ақ бүкіл жүйе цифрлы құрылғылардың көмегімен автоматты түрде жүреді деп айтылған. Алайда, жаңа ережелер таң қалдырған жоқ», - дейді ол.
Қорыта айтқанда, депутаттың айтуынша, дәрігерлер де педагогтардың қорқынышты түсіне айналған бағалау жүйесіне тап болды. Бұдан өзге, дәрігерлердің бәрі, яғни, 80 мыңнан көп адам өз санаттарын жаңа жүйе бойынша растауы керек дейді. Осылай деген депутат денсаулық сақтау министрінен 2015 жылдан кейін категория алған дәрігерлерді тестілеуден босатуды, категория беру жүйесін жаңартуды сұрап, депутаттық сауал жолдады.