«Таза Қазақстан»: Қарағандыда бір күнде мың терек егілді

Автор: Azattyq Rýhy

Аймақта «Таза Қазақстан» акциясы жалғасып жатыр

Фото: gov.kz

Қарағанды облысында еріктілер орталық саябақта ауқымды тазалық акциясын өткізді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Еріктілер саябақтағы қоқысты жинап, көгалдар мен жаяу жүргіншілер жолдарын тазартты.

«Таза болса табиғат, аман болар адамзат!» тақырыбында өткен акцияға жүзден астам адам қатысты. Студенттер мен оқушылар, жанашыр тұрғындар қаланың қоршаған ортасын жақсарту үшін бас біріктірді.

«Акцияға оқушыларды шақырдық. Өскелең ұрпақтың табиғатты бағалауы, оның сақталуына қамқорлық жасауы маңызды. Менің ойымша, біз бірігіп, тапсырманы өте жақсы орындадық», – деп атап өтті демалыс саябақтары мен гүлзарлар басқармасының басшысы Талғат Байтохин.

Бұдан өзге бүгін Қарағандыда бір мың терек егілді. Бұл шараны жүзе жуық адам қолдаған. Олардың арасында еріктілер, қоғам белсенділері, мемлекеттік қызметкерлер және қарапайым тұрғындар бар.

«Біз халықты қаламызды көгалдандыруға шақырамыз. Өскелең ұрпақты тәрбиелеуге ерекше назар аударғым келеді. Сондықтан ата-аналарды балаларымен бірге ағаш егуге шақырдық. Ең бастысы – жасыл кеңістікке дұрыс күтім қажет. Оны қадағалап тұрамыз», – деді Табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бақтияр Санбаев.

Жалпы, биыл Қарағанды облысында 130 мыңнан астам ағаш егілді.