Төрт ел бірігіп салатын сияқты – Диас Нұрақын АЭС-ті қай ел салуы мүмкін екенін болжады
Оның айтуынша, Қазақстан 2029 жылға қарай АЭС-тің тек фундаментін құйып жатады
Журналист Диас Нұрақын әлеуметтік желідегі парақшасына референдумның алдын ала нәтижесі бойынша жазып, Қазақстандағы АЭС-ті төрт ел бірігіп салуы мүмкін деген болжамын жария етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Меніңше, бұл жолығы референдумда халықтың белсенділігі жақсы болды. Қызылорда облысы тіпті лидер. Ал, Алматылықтардың тек төрттен бірі дауыс беруге барған. Президент айтқандай АЭС-ті консорциум салуы әбден мүмкін. Бұл болжамды бір жыл бұрын жазып едім. Енді тағы бір долбар айтайын. АЭС құрылысына шорт парақтағы төрт ел де қатысуы мүмкін. Яғни, Франция, Оңтүстік Корея, Қытай мен Ресей бірлесіп салатын сияқты. Мамандар 2029 жылдан бастап энергия тапшылығы сезіле бастайды дейді. Ал ол уақытта біз АЭС-тің тек фундаментін құйып жатамыз. Өйткені жобалық сметасын жасауға бес жыл керек екен. Ал толық аяқтауға 15 жыл қажет. Сондықтан бүгінгі шешімнің нәтижесін тек 2040 жылға қарай көре бастаймыз. АЭС тақырыбы бүгінмен біткен жоқ. Енді ғана басталды деуге болады», - деп жазған Диас Нұрақын.
Ал тағы бір сарапшы Дәурен Сейітжанұлының айтуынша, АЭС құрылысын қолдамайтындарды патриот емес деуден аулақ болу керек.
«Естеріңізде болса, жыл басында президент сұхбатында АЭС-тің маңыздылығы жайында айтқан болатын. Содан белсенді ақпараттандыру жұмыстары басталып кетті, әсіресе соңғы кездері жұмыс қарқынды жүрді. Нәтижесін өзіміз көріп отырмыз. Әрине, қарсылық білдірушілер де болды, бар да. Алмасадам Сәтқалиев айтқандай қолдамайтындар патриот емес деуден аулақ болуымыз керек. Олар да елге жанашырлықпен өз таңдауын жасады. Бірақ олардың аргументтері әлсіз шықты. Олардың қарсылықтары АЭС-тің артықшылықтары туралы ғылыми фактілердің көлеңкесінде қалып кетіп жатты. Азды-көпті аргументтері АЭС қауіпті деген күдіктің айналасында болғанын көрдік қой. Жұрт қазіргі заманауи АЭС-тер қай жағынан алып қарасаң да қауіпсіз, тұрақты әрі берік деген сарапшы-ғалымдардың пайымына иланғаны көрініп тұр», - деп жазды Дәурен Сейітжанұлы.