Қосшы жастары референдумға белсенді қатысты

Автор: Azattyq Rýhy

Қала бойынша 12 референдум учаскесі жұмыс істеп тұр

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Қосшы қаласының жастары бүгін елімізде өтіп жатқан референдумға белсенді ат салысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Айта кетейік, бұған дейін хабарлағынымыздай, Қосшы қаласында бүгін таңғы сағат 07:00-ден бастап 12 референдум учаскесі жұмыс істей бастады. Қосшы жастары саяси науқанға белсенді ат салысып жатыр.

Сол жастардың бірі Ербол Абылайхан. Ол Қосшы қаласы Жастар ресурстық орталығының директоры болып қызмет атқарады. Жақында ғана қаладағы ұстаз Мереке Төлемісовамен шаңырақ көтерген болатын. Мереке 3-орта мектепте география пәнінің ұстазы. Жас жұбайлар референдумға да бірге келіп, 743 учаскеде дауыс берді.

«Бүгін елімізде тарихи оқиға – Республикалық референдум өтіп жатыр. Біз үшін бұл өз ұстанымымызды білдіре аламыз. Тәуелсіз Қазақстанның дамуы республикамыздың белсенді азаматтарынан бастау алатыны белгілі. Әсіресе жастар жағы өте белсенді. Жастар – қоғамның қозғаушы күші ғана емес, елдің тірегі, мемлекеттің ең белсенді бөлігі. Сондықтан мен жастардың өкілі ретінде өз таңдауымды жасап, референдумда өз дауысымды бердім. Бұл еліміздің болашағы үшін жасалған маңызды қадам деп білемін. Біз үшін тәуелсіздігімізді нығайту және жарқын болашаққа жол ашу әрқашан басты мақсат болып қалады береді. Бүгінгі шарада Қосшы жастары өте белсенді», -дейді Ербол Абылайхан.

Айта кетейік, Қосшы қаласында бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап он екі референдум учаскесі жұмысын бастады. Референдумның алғашқы қатысушылары учаскелер ашылған сәттен бастап келді. Ең алғашқы қатысушыларға комиссия мүшелері сыйлықтар табыстады. Референдумға ағы буын және жастар өте белсенді қатысуда.

Референдум тәртібіне сай қаланың әрбір тұрғыны жеке дауыс береді. Бюллетень алу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы қажет. Дауыс беру республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне сәйкес жүреді. Бұл тізімдер учаске аумағындағы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген азаматтар негізінде әкімдіктер арқылы жасалған. Оған он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған Қазақстан азаматтары енді.

Ақмола облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, облыс бойынша барлығы 786 референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр, оның ішінде Ақмола облысының аумақтық референдум комиссиясы бар. Оның жиырма қалалар мен аудандардың аумақтық референдум комиссиясы болса, 765 учаскелік референдум комиссиясы. Ондағы комиссия мүшесінің саны 4 540 адамды құрайды, оның 147-сі аумақтық референдум комиссиясының және 4393-і учаскелік референдум комиссиясының мүшелері.