Елдегі қоғамдық ахуал тұрақты – ішкі істер министрлігі

Автор: Аубакирова Нургуль

Өрескел заң бұзу фактілері тіркелмеген

Фото: видеодан скриншот

Ішкі істер органдарының қызметкерлері референдум учаскелерінде құқықтық тәртіптің сақталуын бақылауды жалғастырып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев елде жағдай тыныш екенін айтты.

«Елдегі қоғамдық ахуал тұрақты. Қандай да бір өрескел заң бұзу фактілері тіркелген жоқ. Полицияның жедел басқару орталықтарының бейнебақылау камераларын пайдаланып, көшелер мен дауыс беру орындарын бақылау жалғасып жатыр. Дауыс беру учаскелеріндегі оқиғаларға жедел ден қою үшін әрбір ауданда мобильдік жедел тергеу топтары құрылды. Азаматтардың немесе комиссиялардың өтініш-шағымына ішкі істер органдары жедел ден қойып, тиісті шаралар қабылдауда», - деді Әлекешев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

Бұған дейін Бас прокуратура қоғамдық сауал салу және үгіт-насихат жүргізу ережелерін бұзған екі азамат әкімшілік жауапқа тартылғанын хабарлады.