Көпбалалы ана қызына болашақтың энергиясы тақырыбында киім кигізген
Тайтөбе ауылының тұрғыны Гүлжаһан Серікқызы референдум учаскесіне ерекше көтеріңкі көңіл сыйлады. Ол қызына болашақтың энергиясы үлгісінде арнайы киім кигізіп әкелген, деп Azattyq Rýhy.
Болашақтың энергиясы үлгісінде арнайы киім киген кішкентай қыздың есімі – Нұрай Талғатқызы. Көпбалалы ана Гүлжаһан Серікқызы референдумға қызына арнайы киім кигізгенімнің өз мәні бар дейді.
«Негізі қызыма киіндірген осы киімді жуырда қаламызда «Бала өмірдің - гүлі» деген байқауға қатысқан кезде тіктіргенбіз. Қызымның үстіне киген костюм болашақтың энергиясын бейнелейді. Бүгінгі референдум тақырыбына сәйкес келіп тұрғандықтан, оны қайта кигізіп, референдум учаскесіне ала келдім. Ондағы мақсатым балам қазіргі жағдайларды өз көзімен көрсе деген де ой. Өзіңіз білесіз қазіргі балалар өте ақылды. Оның үстіне бала біздің болашағымыз, келешегіміз десек, бүгін ел бойынша өтіп жатқан референдум да біздің болашағымыз. Жалпы, референдум біздің балалардымыздың болашағы үшін аса маңызды деп ойлаймын. Мен көпбалалы анамын. Мен үшін балаларымның болашағы аса маңызды. Қазір әлемде табиғи қуат көзі сарқылып бара жатыр дейді мамандар. Сондықтан да мен де бүгін өзіме және балаларымның болашағына қатысты жайттан сырт қалмай, өз таңдауымды жасадым», - дейді Гүлжаһан Серікқызы.
Айта кетейік, Қосшы қаласында бүгін таңғы сағат 7:00-ден бастап он екі референдум учаскесі жұмысын бастады. Референдумның алғашқы қатысушылары учаскелер ашылған сәттен бастап келді. Ең алғашқы қатысушыларға комиссия мүшелері сыйлықтар табыстады. Референдумға ағы буын және жастар өте белсенді қатысуда.
Референдум тәртібіне сай қаланың әрбір тұрғыны жеке дауыс береді. Бюллетень алу үшін өзіңізбен бірге жеке куәлік болуы қажет. Дауыс беру республикалық референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың тізіміне сәйкес жүреді. Бұл тізімдер учаске аумағындағы тұрғылықты мекенжай бойынша тіркелген азаматтар негізінде әкімдіктер арқылы жасалған. Оған он сегіз жасқа толған, әрекетке қабілетті, сот үкімі бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырмаған Қазақстан азаматтары енді.
Ақмола облыстық референдум комиссиясының мәліметінше, облыс бойынша барлығы 786 референдум комиссиясы жұмыс істеп жатыр, оның ішінде Ақмола облысының аумақтық референдум комиссиясы бар. Оның жиырма қалалар мен аудандардың аумақтық референдум комиссиясы болса, 765 учаскелік референдум комиссиясы. Ондағы комиссия мүшесінің саны 4540 адамды құрайды, оның 147-сі аумақтық референдум комиссиясының және 4393-і учаскелік референдум комиссиясының мүшелері.