Сайлау учаскелерінде дауыс беру өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған – сарапшы

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол мемлекеттік саясаттың ашықтығы жайлы айтты

Фото: Әсет Құндақбаев

«AMANAT» партиясы жанындағы қоғамдық саясат институтының әлеуметтік-экономикалық сараптау бөлімінің жетекшісі Алтай Дүйсекеев референдумның ұйымдастырылуына қатысты пікір білдірді,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Референдумда өз таңдауымды жасадым. Референдумның өтуі бойынша бірнеше жағдайды атап өткім келеді. Сайлау учаскелерінде дауыс беру өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Кіреберістегі қарсы алудан бастап бюллетень алуға дейінгі әрбір қадам ойластырылған. Бұл барлық азамат үшін ыңғайлы және ашық дауыс беруді қамтамасыз етеді. Екіншіден, азаматтардың қандай болса да таңдау жасауға деген қызығушылығы жоғары», - дейді ол.

Дүйсекеевтің айтуынша, адамдар тағдыршешті мәселелерді шешуге қатысу арқылы елдің болашағына әсер етеді.

«Референдумға қатысты айтатын болсақ, бұл азаматтардың өз елінің саяси және экономикалық өміріне әсер етуінің негізгі тәсілдерінің бірі деп айтуға болады. Ол биліктің халыққа есеп беретінін және оның пікірін шынымен еститінін көрсетеді. Азаматтарға басқаруға тікелей қатысу құқығы беріледі, ал референдум - бұл тек формальдылық емес, әр азаматтың қолында болуы керек демократияның маңызды құралы. Референдумдарға белсенді қатысу - бұл әрқайсымызға жүктелген жауапкершілік», - дейді сарапшы.

Еске салсақ, 6 қазандағы сағат 14.00-дегі жағдай бойынша 6 339 425 азамат бюллетень алды. Бұл 51,77 пайызды құрайды. «Республикалық референдум туралы» Конституциялық заңның 31-бабы 2-тармағына сәйкес, егер референдумға қатысу құқығы бар азаматтардың жартысынан көбi дауыс беруге қатысқан болса, референдум өткiзiлген деп саналады.