«Референдум учаскелерінде жағдай тұрақты»: Бас прокуратура мен ІІМ есеп берді

Автор: Аубакирова Нургуль

Дауыс беру кезінде өрескел заң бұзу фактілері тіркелмеген

Фото: видеодан скрин

Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігінің өкілдері еліміздегі референдум учаскелерінде дауыс беру процесі қалай өтіп жатқанын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

БП Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі басқармасының бастығы Бекжан Қарамановтың айтуынша, прокуратура органдарына ешқандай өтініш түспеген.

«Дауыс беру процесі өрескел заңбұзушылықтарсыз қалыпты жағдайда өтіп жатыр. Бүгін прокуратура органдарына референдум туралы өтініштер түскен жоқ. Сот органдарына да қазіргі уақытта талап-арыздар енгізілмеген. Бұл бағытта қадағалау жұмыстары жалғасады», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте.

ІІМ ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев те қоғамдық тәртіп бұзылмағанын мәлімдеді.

«Қазір референдум учаскелерінде жағдай тұрақты. Қоғамдық тәртіпті бұзу фактілері тіркелген жоқ. Сондықтан ІІМ ел тұрғындарын және қонақтарын заңды сақтауға, құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге бағытталған қауіпсіздік шараларына түсіністікпен қарауға шақырады. Қоғамдық тәртіп бұзылған жағдайда ішкі істер органдарының кезекші бөлімдеріне немесе 102 арнасына хабарлау қажет», - деді ол.

Оның айтуынша, полицияның жедел басқару орталықтары бейнебақылау камераларының көмегімен референдум учаскелеріне іргелес аумақтарда бақылау күшейтілген. Референдум учаскелерінде оқиғаларға уақытылы ден қою үшін әрбір ауданда мобильді жедел тергеу топтары құрылған.