Халықтық штаб Алматы облысындағы ірі кәсіпорындарға барды

Автор: Azattyq Rýhy

Сыра шығару зауытының қызметкерлері өздерін мазалаған сұрақтарын қойды

Фото: халықтық штаб

АЭС салуды қолдау жөніндегі Халықтық штаб мүшелері «Первый Пивзавод» ЖШС қызметкерлерімен кездесті, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Халықтық штабтың баспасөз қызметі хабарлағандай, штаб мүшесі Мақсат Сейдалиев атом энергетикасын дамыту Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігін нығайтуға, экономикалық өсуді қамтамасыз етуге және экологиялық тұрақтылықты арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Жиын барысында Қазақстанның көпвекторлы саясатының арқасында халықаралық серіктестермен тиімді қарым-қатынас орнату, атом электр станциясын салу шешімінің ел мүддесіне сәйкес келуі, және барлық ықтимал тәуекелдерді ескеру мәселелері қозғалды.

Кездесу барысында қызметкерлердің бірі АЭС құрылысы сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне байланысты екінші LRT айналып кетпей ме деген сұрақ қойды. Штаб мүшесі Нұрлан Түймелиев бұл алаңдаушылықты түсініп, АЭС жобасының ашықтығы мен қадағалауға мән берілетінін атап өтті.

«Біз келіссөздер мен сатып алу процестерін барынша ашық етуге, сондай-ақ жобаны халықаралық бақылауға алуына ерекше назар аударамыз. Атом энергетикасы әлемдегі ең тәртіпті сала, өйткені қателік құны өте жоғары», – деді ол.

Сонымен қатар өндірістің маманы АЭС салу нәтижесінде жаңа жұмыс орындары ашылып, мемлекетіміздің энергетикалық инфрақұрылымы жаңа деңгейге көтеріледі деп үміттенетінін айтты. Онымен қоса, әрбір азаматты алдағы референдумға қатысып, елдің энергетикалық болашағына өз үлесін қосуға шақырды.

Кездесуде қатысушылар станса жобасының экономикалық және экологиялық тиімділігін талқылады. Ұжым мүшелері атом энергетикасының ел болашағы үшін маңыздылығын түсініп, оны қолдауға дайын екендерін білдірді. Халықтық штаб өкілдері осындай кездесулерді алдағы уақытта да жалғастырып, халықтың барлық сұрақтарына жауап беруге дайын екендіктерін жеткізді.

Айта кету керек, Халықтық штабтың басты мақсаты – азаматтарды АЭС құрылысының маңызы мен оның Қазақстан үшін әкелетін пайдасы туралы жан-жақты ақпараттандыру.

Тегтер: