Ресми өкіл ата-аналарды бала тәрбиесіне мұқият болуға шақырды
ІІМ-нің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев министрліктің дәстүрлі брифингінде оқушыларға интернеттен келетін зардаптың алдын алу жайлы айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Жыл басынан бері мониторинг нәтижесінде суицидтік сипаттағы белгілері бар 43 интернет-ресурс анықталды.Олар бойынша ақпарат бұғаттау үшін уәкілетті органға, яғни мәдениет және ақпарат министрлігіне жіберілді. Соңғы уақытта мессенджерлерде қауіпті ойындар туралы ақпарат таралып жатыр. Мұндай ойындарда өзін-өзі өлтіру элементтері кездеспейді, бірақ онда балалардың психикасына теріс әсер ететін қашу, бағынбау сияқты әрекеттерді құптау қаупі болуы мүмкін», - дейді ол.
Осыған байланысты ішкі істер министрлігі кәмелетке толмағандардың ата-аналары мен заңды өкілдерін бала тәрбиесіне мұқият көңіл бөлуге шақырды.
«Жалпы әрбір суицид дерегі бойынша балаларды суицид жасауға итермелеген себептерді және оған қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіледі. Жалпы, суицид жасаудың нақты себебі тек тергеу нәтижесімен ғана белгілі болады. Суицид жасау және соған әрекеттенген 14 бала мас күйде болған. Сонымен қатар, өз-өзіне қол жұмсау әрекетінің бір жағдайында жасөспірім есірткіге масаң күйде болған.Талдау көрсеткендей, көп жағдайда 15-17 жас аралығындағы, яғни өтпелі кезеңдегі жасөспірімдер суицидке оқталады», - дейді ресми өкіл.