Келесте зорланған 13 жастағы оқушы қыз босанып, мектепке бара алмай отыр - Динара Зәкиева

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол мектеп директорының орынбасарын шара қолданбаған үшін кінәлады

Фото: Динара Зәкиеваның facebook парақшасынан

Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Динара Зәкиева Түркістан облысына жасаған жұмыс сапарын қорытындылай отырып,  аймақтағы жантүршігерлік жағдайларды әшкере етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Келес ауданында зорлық-зомбылық салдарынан 13 жасында бала босанған қыз жыл басынан бері мектепке бармай отыр. Мектеп директорының орынбасары жағдай туралы хабардар болғанына қарамастан, ешқандай шара қолданбаған және жағдайды кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияға жібермеген», - дейді Динара Зәкиева.

Осындай жағдайларды болдырмау үшін Динара Зәкиева Қазақстанда қамқоршылық органдарының қызметкерлерін көбейту керек дейді. 

«Олардың саны 5 мың балаға  шаққанда 1 қызметкер болуы керек. Мысалы, Сарыағаш ауданында қазір 58 мың балаға 1 қызметкер бар. Қызметкердің өзі үлгермейтінін айтады. Әр баланың құқықтары әр жағдайда қорғалып, нәтижеге жетуі керек», - деп жазды Динара Зәкиева.