«ХҚКО-ның қателігі»: Қызылордада жетімдер үйінің түлегі баспана кезегіне қайта тіркелу үшін сотқа жүгінді

Автор: Azattyq Rýhy

2024 жылдың сәуір айында талап қоюшы тұрғын үй кезегінен шығып қалған

Фото: depositphotos.com

Қызылорда облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік соты жетімдер үйі түлегінің тұрғын үй кезегін қалпына келтіру туралы талабын қанағаттандырды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

2016 жылы М. «Жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар» санаты бойынша тұрғын үй кезегіне тіркеліп, 1059-нөмірлі кезекте тұрған. Алайда, 2024 жылдың сәуір айында талап қоюшы тұрғын үй кезегінен шығып қалған.

Талап қоюшы өзінің заманауи ақпараттық технологияларды пайдалану мүмкіндігі жоқ екенін алға тартып, халыққа қызмет көрсету орталығына барған. Орталықта қызметкердің қателігі салдарынан М. «kezekte kz» жүйесінен шығарылған. М.-нің кезегін қалпына келтіруге жасалған өтінішке жауап ретінде орталық қызметкерлері ақпараттық жүйеде мұндай мүмкіндік жоқ екенін хабарлаған.

Сот ісін қарау барысында талап қоюшының кәмелетке толмаған және денсаулығы нашар үш баласы бары және оның ата-анасының қамқорлығынсыз қалғаны анықталды. Сот Қызылорда қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімін талап қоюшыны 733-нөмірлі кезегі бойынша қайта тіркеуге міндеттеді.