Ұлытау облысында алимент төлеуден жалтарғандардың қарызы 350 млн теңгеден асты
Өңірде 6700 адам алимент төлеуге міндеттелген

Ұлытаулықтардың алимент үшін қарызы 350 миллион теңгеден асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24kz-ке сілтеме жасап.
Борышкерлер тізіміндегі 400 адамға шетелге шығуға тыйым салынды. Проблеманы шешу үшін Әділет департаменті жұмыссыз жүрген берешегі барларға арнап кезекті еңбек жәрмеңкесін өткізді.
Өңірде 6700 адам алимент төлеуге міндеттелген. Әділет департаменті мамандарының дерегінше, 167 борышкер қарызын өтеуге құлықсыз. Олар алимент төлемеу үшін түрлі айла-әрекетке барады. Жұмыс берушімен келісіп, тапқан табысын жасырады
«Жыл басынан бері әкімшілік кодекстің 169-бабы бойынша 23 борышкерге шара қолданылды. Оның 7-еуі әкімшілік қамауға алынып, өзгелеріне айыппұл салынды. Сондай-ақ алимент төлеуден қасақана жалтарған борышкерлерге қатысты 13 қылмыстық іс сотқа жолданды», - деді Әділет департаменті басшысының орынбасары Бағдат Наумағамбетов.
Дегенмен, алимент төлегісі келіп, бірақ жалақы табудың ретін таппай жүргендер бар. Осы орайда аймақта борышкерлерді жұмысқа орналастыру мақсатында 10-ға жуық еңбек жәрмеңкесі ұйымдастырылып, 48 адам жұмысқа орналты. Елдос Кәкенов, тілші: - Бүгін өткен кезекті еңбек жәрмеңкесінде борышкерлер үшін 25 мекеме 200-дің үстінде бос жұмыс орнын ұсынды. Бірнеше азамат мамандығына сай жұмыс тапты. Ал, ұсынылған жұмыстан әдейі бас тартқан борышкерлердің ісі сотта қаралады. Тіпті қылмыстық жауапкершілікке тартылуы мүмкін.