Энергетика вице-министрі Ақтөбедегі жел электр станциясына барған
Атом энергетикасы еліміздің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары мен экономикасын дамыту үшін электр энергиясының тұрақты көзі болып отыр. Бұл туралы энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Біз Ақтөбе облысында орналасқан үлкен жел электр станциясына бардық. Ол еліміздегі үлкен станциялардың бірі. ЖЭС елімізде өте қарқынды дамып жатыр. Қазірдің өзінде 2900 МВт-тан астам жаңартылатын энергия шығарады. Біз оны одан әрі дамытамыз. Бірақ, бұл энергия көзі тұрақсыз, ауа-райына байланысты болғандықтан, экономиканы толық қамтамасыз ету үшін басқа бағыттарды дамыту қажет», - дейді вице-министр.
Энергия қуатын реттеу және алмастыру үшін газ генерациясы салынады деген ол көмір кен орындары да жаңғыратынын алға тартты.
«Бірақ экономиканы дамыту үшін, біз жаңа ғана барып көрген ірі өнеркәсіп кәсіпорнын қамтамасыз ету үшін бізге тұрақты базалық генерация қажет. Ол – атом энергетикасы. Оның пайдалы әсер ету коэффициенті 90%. Сондықтан дамыған көп елдерде атом энергетикасы бар. Қазір 15 мемлекет үлкен атом стансаларын салып жатыр. Қазақстан да осы тізімде болуы керек деп санаймыз», – деді энергетика вице-министрі Сұңғат Есімханов.