Өскеменде оқушылар полицияға «террористер» туралы хабарлаған

Автор: Azattyq Rýhy

Тәртіп сақшылары қоңырау шалған баланы анықтады

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Кәмелетке толмағандардың ата-аналары жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy YK-news.kz-ке сілтеме жасап.

«15 қыркүйек күні 102 арнасына қоңырау түсті. Телефонның арғы жағындағы бала мекенжайды айтып, «мұнда террористер, тезірек келіңіздер!» деп хабарлады», — деді ШҚО ПД баспасөз қызметі.

Оқиға орнына келген жедел қызметтер бәрін тексеріп, қоңыраудың жалған екенін анықтады.

«Тәртіп сақшылары қоңырау шалған баланы анықтады, ол 8 жастағы оқушы болып шықты. Оның айтуынша, көрші бала келіп, полицияға қоңырау шалуды өтінген. Сонымен қатар бала көршісінің басқа балаларға да осындай өтініш айтқанын жеткізді», — деп қосты департамент өкілдері.

Кәмелетке толмаған көрші баланың да кім екені анықталды, ол 14 жастағы жасөспірім болып шықты.

«Екі баланың да ата-аналарына балаларды тәрбиелеу бойынша міндеттерін орындамағаны үшін әкімшілік жауапкершілік жүктелді», — деп хабарлады ШҚО ПД.