Ұстаздарды қолдау еліміздің білімді ұрпағына деген қамқорлықтың көрсеткіші деп білеміз – ақтөбелік ұстаз

Автор: Azattyq Rýhy

Ол Жолдауды жүзеге асыру үшін халқымызды бірлікке шақырды 

Фото: Ақорда

Ақтөбе облысының дарынды жасөспірімдерге арналған мамандандырылған «Білім-Инновация» лицей-интернатының қазақ тілі және әдебиеті пәні мұғалімі Баян Базарғалиева мемлекет басшысының Жолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақтөбелік ұстаз президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2 қыркүйекте ел халқына арнаған Жолдауын  Парламенттің бірлескен отырысына қатысып тыңдаған. 

«Бұл - үлкен құрмет әрі жауапкершілік деп білемін. Жолдауда еліміздің дамуындағы өзекті мәселелердің шешімін табу үшін нақты заң жобалары бекітілуі қажет екені айтылды. Мемлекет басшысы Жолдауда «Жайлы мектеп» ұлттық жобасына тоқталды. Әр бала – еліміздің ертеңіне үлесін қосар азамат. Елімізде 2025 жылдың соңына дейін заманауи үлгіде 217 мектеп пайдалануға берілетініне ерекше назар аударды. Ақтөбе облысында осындай 14 мектептің ашылатыны бізді айрықша қуантады», - дейді Базарғалиева. 

Ел президенті өз жолдауында «Ұстаздар – ұлттың зияткерлік қуаты. Олар білімді ұрпақ тәрбиелеу арқылы еліміздің өркендеуіне жол ашады. Үздік оқу бағдарламасы, заманауи мектептер, озық басқару жүйесі болса да, ұстаз білікті болмаса, оның бәрі бекер екені анық. Сондықтан педагогикалық жоғары оқу орындарына талапты, қабілетті жастарды қабылдауға баса мән беру керек. Жалпы, бұл бағыттағы жұмыстың беталысы жақсы, оны жалғастыру қажет» деген еді. 

«Білім беру жүйесін дамытуға және педагогтер мәртебесін арттыруға бағытталған жұмыстар мемлекеттік деңгейде жүзеге асырылып жатыр. Ұстаздарды қолдау – еліміздің жарқын болашағы болар білімді ұрпағына деген қамқорлықтың көрсеткіші деп білеміз», - дейді мұғалім. 

Баян Базарғалиева «еліміздің жарқын келешегі  болар жастардың бойына отаншылдық, әділеттілік, жауапкершілік құндылықтарын сіңіріп, танымы терең, ойы озық ұрпақты тәрбиелейтін ұстаздар қауымының өкілі ретінде Жолдауда берілген тапсырмалар мен жоспарларды қолдайтынын», - деп  атап өтті. 

«Жолдауда белгіленген жоспарлар мен мақсат-міндеттерді жүзеге асыруда халқымыз  бірлік, адалдық, жауапкершілік таныту қажет деп ойлаймын», - деді ақтөбелік ұстаз.

Тегтер: