Есірткі сайттарын жарнамалаудың жолын кесу керек – депутат Қырықбаев
Оның айтуынша, былтыр полиция қызметкерлері 81 есірткі зертханасын жойған

Депутат жастарға есірткі таратудағы жеңіл ақшаға ұмтылмауды түсіндіру жұмысын және есірткі сататын сайттарды жарнамалаудың жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтуді ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі, мәжіліс депутаты Темір Қырықбаев Ішкі істер министрі Ержан Сәденовке депутаттық жолдаған сауалында еліміздегі есірткі саудасы мен таралуына қатысты жағдайдың өте күрделі екеніне алаңдаушылық білдірді.
Оның айтуынша, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен Үкімет есірткіге қарсы қызметті жетілдіруге бағытталған кешенді жоспарды бекіткен. Дегенмен, синтетикалық есірткі – халқымыздың денсаулығына, ұлттық тегімізге, экономикамызға, құқықтық тәртіп пен мемлекеттік қауіпсіздігімізге үлкен қауіп-қатер төндіріп келеді.
«AMANAT» партиясы нашақорлыққа, әсіресе жастар арасында жағымсыз әдетке берік тосқауыл қоюға, жан-жақты қарсы тұруға мүдделі.
«2023 жылы 3,6 тоннадан аса есірткі және психотроптық заттар, 21,5 тоннадан астам көкнәр сабанының шикізаты және 75 тоннаға жуық синтетикалық есірткіні жасауға пайдаланылатын химиялық реагенттер алынған. Жасырын есірткі зертханаларындағы қылмысты ашу, қылмыскерлерді ұстау бағытындағы жұмыстар құқық қорғау органдары тарапынан жүргізілгенімен олардың саны артып барады. Атап айтқанда, құқық қорғау органдары 2021 жылы – 17, 2022 жылы – 68, 2023 жылы – 81 есірткі зертханасын жойды. Сондай-ақ, 34 халықаралық және 32 өңірлік есірткі жеткізу канал жойылыпты. Тек ресми статистика бойынша соңғы 3 жылда синтетикалық есірткіні тәркілеу көлемі 100 килограмнан 1 тоннаға дейін өскен. Яғни, 2021 жылы тәркілеу көлемі 100 килограмм болса, 2023 жылы 1 тоннаға дейін жеткен. Өкінішке орай, заңсыз есірткі бизнесі елді нашақор ету сыртында, жастарды қылмыс әлеміне жұмылдырып жатыр. Жастар мен оқушылар отыратын танымал онлайн платформаларда, мессенджерлерде оларға есірткі сатушылар шығып, «тез табыс табуды» ұсынуда. Осы қарқынмен есірткі бизнесі кете берсе, болашақ жастарымызды нашақор етіп, өлтіріп тынатын түрі бар. Өз кезегінде есірткі бизнесі ұлт болашағына балта шабады», - деді депутат өз сауалында.
Темір Қырықбаевтың айтуынша, Түркістан облысының өзінде ғана биыл 6 айда есірткінің заңсыз айналымына қатысты 423 дерек тіркелген. Оның ішінде, 201-не қылмыстық іс тіркелсе, 222 жағдайда айыппұл салынған. Заңсыз айналымнан 200 келі есірткі тәркіленген. Сонымен қатар, синтетикалық есірткі таратуы мүмкін 91 ақпараттық сайт бұғатталған. Ең өкініштісі, ессіз затқа құмар адамдардың көбі – жастар. Экстразин, метамфетамин жастар арасында кең тараған психотроптық заттардың түрі.
«Бұл тек Түркістан облысындағы жағдай ғана, басқа облыстарды қосып айтатын болсам, жағдай өте күрделі екенін көрсетеді. Маған өзім сайланған Жетісай, Мақтаарал, Келес, Сарыағаш, Қазығұрт аудандарынан ата-аналар шағымданып, құзырлы органдар тарапынан есірткі бизнесінің жолын кесу бойынша тиісті жұмыстарды күшейтуді сұрады. Осы бағытта жұмыс атқарып келетін сарапшылар ең алдымен шұғыл түрде оқушылар арасында түсіндіру жұмыстарын күшейту керектігін айтып, дабыл қағуда. Мектеп инспекторлары оқушыларға есірткіден тез табыс табудың соңы ұзақ жылдар бойы түрмеде отыратынын айтып, түсіндіре бермейді», - дейді мәжіліс депутаты.
Біріккен Ұлттар Ұйымының мәліметтері бойынша, соңғы 10 жылда есірткіге тәуелді адамдардың саны жыл сайын өсіп келеді. Есірткі жыл сайын 500 мыңнан астам адамның өліміне себепші болып отыр.
«Құрметті премьер-министр. Осы деректерді ескере отырып, Үкіметке есірткіге қарсы іс-қимыл жүргізу үшін мектептер мен колледждерде және жоғарғы оқу орындарындағы оқушылар мен студенттер арасында есірткіні таратудың жеңіл ақшаға ұмтылудың салдарын болдырмау мақсатында ата-аналар, оқушылар мен студенттерге түсіндіру жұмыстарын күшейту, сондай-ақ, синтетикалық есірткіні сатуға қатысты сайттардағы жарнамалау фактілерінің жолын кесу жөніндегі жұмысты күшейтіп, жарнамалаушыларға заң аясында қатаң жаза қолдану қажет деп санаймын», - деп түйіндеген депутат.