Аталған құрылғы Кореядан әкелінген
Алматыда тұрғындарды коронавирустық ифекцияға тестілейтін мобильді скринингтік орталық ашылды. Медициналық қондырғыны оңтүстіккореялық Medical Partners Korea Clinic компаниясы жасап шығарған.
Өндірушілер тестілеу жүйесінің аз уақыттың ішінде барынша көп адамды скринингтен өткізуге мүмкіндік беретінін, ең бастысы – көліктен шығуды қажет етпейтін қауіпсіз жүйе екенін атап өтті.
«Алғашқы мобильді скринингтік орталық Оңтүстік Кореяда іске қосылды. Бүгінде бұл тәжірибе АҚШ-та кеңінен қолданылуда. Алматы қаласы да аталған тестілеу жүйесін алғашқылардың бірі болып енгізіп отыр. ДДСҰ-мен ұсынылған мобильді скринингтік әдіс ең қауіпсіз әрі тиісді тәсіл болып саналады», – деп мәлімдеді корейлік компанияның құрылтайшысы, профессор Мин Хисук.
Мобильді орталықта күніне 100-ден астам тест жүргізуге мүмкіндік бар. Ұялы телефон қосымшасы арқылы алдын-ала тіркелген жағдайда бір адамды тестілеуге шамамен 3-5 минут қажет. Бұл дәстүрлі скринигке шығындалатын уақыттан үш есе кем көрсеткіш. Жұмыс легінің ұйымдастырылуына байланысты жұмысқа шамамен төрт адамнан сегіз адамға дейін жұмылдырылады. Қызмет ақылы.
Medical Partners Korea Clinic құрылтайшыларының бірі, профессор Ғалымжан Тоғызбаевтың айтуынша, биологиялық материалды жинайтын зертхана Seegene технологиясы бойынша жұмыс істейді. Бұл зертхана инфекцияларды диагностикалау бойынша әлемдегі көшбасшы мекеме.
Мобильді орталықтың жұмыс істеу кезеңдері мынадай сызбаға сәйкес жүргізіледі: кіру – тіркелу – тексеру – үлгіні алу – нұсқаулық – шығу. Тестіленуші кіргеннен кейін жеке ақпарат, эпидемиялогиялық факторлар мен қосалқы симптомдардан тұратын сауалнаманы толтырады. Кабинада дене температурасы контактісіз термометр көмегімен өлшенеді. Егер COVID-19 вирусына күдік болған жағдайда тестіленуші мамандандырылған ауруханаға ауыстырылады.
«Тестілеуден өтуге ниет білдірушілер мобильді қосымша және www.mpk.kz ресми сайты арқылы тіркеле алады», – деді корей компаниясының стратегиялық директоры Ким Квангбум.
«Қазір коронавирусты анықтау үшін мобильді тестілеу пункттері дамуда. Олар жағдайды тұрақтандыру бойынша жұмыстарға үлкен септігін тигізіп, инфекцияның таралуына тосқауыл бола алады. Бұл пунктің ашылуы тұрғындар арасында бұған дейін белгісіз болған ауру ошақтарын табуға және вирусқа қарсы шараларды жүзеге асыруға мүмкіндік бермек. Оңтүстік Кореяда осы іспеттес орталықтардың көбеюі арқасында ондағы жағдай тұрақталып, аурудың одан әрі таралу қарқыны бәсеңдеді. Жоспар бойынша, Алматыда осыған ұқсас тағы бірнеше орталық ашылады. Бүгінге дейін қалада 80 мың адам тексеріліп үлгерді. Алматы тестілеу бойынша ел ішінде көшбасшы саналады», – деп атап өтті қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасының басшысы Тілеухан Әбілдаев.
«Аталған мобильді пункте үш ауысымда 18 адам жұмыс істейді. Біз 25 мың реагент әкелдік. Оның 15 мыңы қолданылды. Жақын арада тағы 50 мың реагент әкелуді жоспарлап отырмыз. Қосымша мамандардың да келуі күтілуде», – деді салтанатты ашылу рәсіміне қатысқан Seegene Clinical Laboratories компаниясының директоры Ким Де Енг.
Мамандардың айтуынша, мобильді тест COVID-19 вирусына скрининг жасаудағы ең қауіпсіз және тиімді тәсіл.
«Коронавируспен күресудің Корея ойлап тапқан әлемдік моделінің құпиясы – диагностикалық тесттердің көп мөлшерде жасалуында және оның нәтижесінің тез шығып, жұқтырғандар мен жұқтыруы мүмкін жағдайларды тез оқшаулау, сонымен бірге, алдағы жұқтыру жағдайларын есепке алу үшін вирустың орын ауыстыру бағыттарын қадағалау технологиясын қолдануы. Коронавируспен күрестегі Кореяның тағы бір жетістігі – адамдарды көлігінен түспей-ақ тексеру. Біз кореялық ноу-хауды Қазақстанда таныстырып жатқанымызға қуаныштымыз және диагностикалық тексерістің жылдам әрі қауіпсіз шараларының арқасында коронавируспен байланысты бұл жағдайда тез арада тұрақтандыру мүмкін болады деп сенеміз», – деді KHIDI компаниясының ТМД елдері бойынша директоры Ким Ли Хе.
Мобильді скрининг-орталық сағат 09.00-ден 16.00-ге дейін демалыссыз жұмыс істейді. Аталған орталық эпидемия аяқталғанға дейін қызмет көрсетеді.
«Автокөлік жүргізушілерге бұл өте ыңғайлы. Бірінші кезекте, көліктен шығудың қажеті жоқ және тығыз байланыс жасамайсың. Тезірек тіркеуден өтіп, келгеннен кейін сенен талдама алады және бірден кетіп қалуға болады. Көп уақыт кетпейді. Мұндай тестілеудің тағы бір оңтайлы тұсы, оның жабық ғимаратта емес, ашық аспан астында, далада өтетінінде, бұл қауіпсіз », – деп өз пікірімен Әділбек есімді автокөлік жүргізушісі бөлісті.
Сонымен қатар, жақын арада Алматыда жаяу жүргіншілер үшін де COVID-19 вирусына тест жасалатын осы сынды орталықтарды ашу қарастырылуда.