«1 млрд теңгеге жуық залал келтірген»: Ақтөбеде субсидия қаржысын қолды қылғандар анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Сот үкімімен үш адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды

Фото: istockphoto.com

Ақтөбеде 4 шаруа қожалығының өкілдері жалған құжаттарды пайдалана отырып, асыл тұқымды мүйізді ірі қара сатып алуға бөлінген мемлекеттік субсидиялар мен кредиттік қаражатты қолды қылған үш азамат анықталды. Бұл туралы Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Агенттік «Сыбаға» мемлекеттік бағдарламасы аясында «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ Ақтөбе филиалынан несие алу кезіндегі алаяқтық фактілерін анықтаған.

Олар мемлекетке жалпы сомасы 1 млрд теңгеге жуық ірі мөлшерде залал келтірілді. Сотқа дейінгі тергеу барысында залал өтелді.

«Агроөнеркәсіптік кешен саласындағы аса ірі мөлшердегі алаяқтық үшін сот үкімімен үш адам 5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сотталушылардың жылжымалы және жылжымайтын мүліктері мемлекет пайдасына тәркіленді», - делінген хабарламада.

Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау аясында Қаржылық мониторинг агенттігі АӨК саласын дамытуға бөлінетін субсидиялар мен кредиттік қаражаттардың орынды жұмсалуына тұрақты түрде мониторинг жүргізуде. Бұл жұмыс адал кәсіпкерлердің құқықтарын қорғауға бағытталған.

«Егер сіз өкілеттіктерді теріс пайдалану, қаражатты жымқыру немесе басқа да экономикалық құқық бұзушылықтар фактілері жайлы білсеңіз, «АФМ Insider» телеграм ботына хабарлауыңызды сұраймыз. Анонимділікке кепілдік беріледі»,-делінген хабарламада.