Президент 2 қыркүйекте Қазақстан халқына жолдау жасады
Маңғыстау облысындағы Ақшұқыр мектеп-лицейінің директоры Қаламқас Тілеубаева мемлекет басшысының жолдауы туралы пікір білдірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент екінші қыркүйекте ел халқына «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты кезекті Жолдауын жариялаған еді.
«Президент ел экономикасының қарқынды дамуына қатысты іс-шараларға кеңінен тоқталып, шағын және орта бизнесті дамыту, қаржы мәселесін шешудегі оңтайлы ұсыныстарын айтып өтті. Ел қауіпсіздігі мен есірткіге қарсы күрес саясатына да кеңінен тоқтала келіп, бұл бағытта да атқарылған іс-шаралар қозғалды. Жолдаудың маңызды бағдарының бірі – еліміздің басты құндылықтары, соның ішінде адам өмірі мен қауіпсіздігі. Ұлтымыз сау болса, қоғамымыздың ілгері дамитындығы айқын», - дейді Тілеубаева.
Мемлекет басшысы денсаулық сақтау саласы мен білім беру жүйесіне де ерекше тоқталды.
«Мектепке дейінгі білім беру ұйымдары мен орта білімнің сапасы – табысты ұлт болудың тағы бір маңызды шарты екені рас. Әрбір оқушының білім алып, жан-жақты дамуы үшін қолайлы жағдай жасалып, бүгінде «Жайлы мектеп» ұлттық жобасы қолға алынған. Президентіміз мектеп формасына баса назар аударды. Мектеп формасының барлық оқушыға барынша қолжетімді болып, әлеуметтік тұрғыдан әлсіз саналатын кейбір топтағы балаларға оны бюджет есебінен беру қажеттігін ескертті. Мектеп формасына арналған мемлекеттік тапсырысты отандық жеңіл өнеркәсіпті дамытуға бейімдеген жөн екенін де айтты. Әділетті Қазақстан құру ісінде мұғалімдердің рөлі айрықша. Мемлекетімізде соңғы жылдары ұстаз мамандығының абырой-беделін арттыру мақсатында да игі шаралар жүзеге асып жатыр», - деп пікір білдірді мектеп директоры.
Қаламқас Тілеубаева отандастарды еліміздің бірлігі мен тұтастығын сақтап, елімізді өркендетіп дамыту жолында аянбай адал қызмет етуге шақырды.