Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын елге айналуы тиіс – президент

Автор: Azattyq Rýhy

Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығы жұмыс істейді 

Фото: www.istockphoto.com/

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев электронды үкімет платформасына жасанды интеллект технологиясын енгізуді тапсырды, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, Қазақстан цифрландыру саласында қол жеткізген жетістіктерін еселей түсуге тиіс. 

«Электронды үкімет» платформасына жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу қажет. Қазақстан жасанды интеллектіні кеңінен қолданатын және цифрлық технологияларды дамытып жатқан елге айналуға тиіс. Бұл – Үкіметтің басты міндетінің бірі. Парламент депутаттарын осы жұмысқа атсалысуға шақырамын», деді Тоқаев ел халқына арнаған жыл сайынғы Жолдауында.

Келесі жылы Астанада Жасанды интеллект ұлттық орталығы іске қосылады. Орталық оқушылар, студенттер, ғалымдар және кәсіпкерлер үшін әрдайым ашық болады.

«Цифрлық активтер мен майнингті заңмен реттеп, криптобиржаларды одан әрі дамыту ісін жалғастырған жөн. Елімізде экономикаға қажетті электр қуатын өз керегіне шамадан тыс пайдаланатын, сөйте тұра салықты аз төлейтін кәсіпкерлер бар. Міне, осындайларды жөнге салу керек», деп тапсырма берді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар 2025 жылы Каспий теңізі арқылы талшықты-оптикалық байланыс желісін тарту жобасы аяқталады. Президент еліміз үшін бұл жобаның маңызы зор екенін атап өтті. 

«Сол арқылы мәліметтердің халықаралық арнасымен және трансшекаралық ағынымен байланысты цифрлық инфрақұрылым құра аламыз. Жалпы, телекоммуникация желілері мен дата-орталықтарын барынша жетілдіруге, кибер-қауіпсіздіктің әлемдік стандарттарын енгізуге және мамандарымыздың біліктілігін арттыруға қатысты жұмысты жалғастыру керек», деді Тоқаев.