Бизнесмендер өз қаржысын ел игілігіне жұмсауы керек
Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев капиталын заңдастырғысы келетін кәсіпкерлер ел экономикасына міндетті түрде қаржы құюы керек екенін тағы бір мәрте ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Президент былтыр кәсіп иелерімен өзара келісімге келгенін, яғни «капиталды заңдастыру» үшін міндетті түрде Қазақстан экономикасына қаржы салу қажет болатынын атап өтті.
«Ең бастысы, салынған қаржы ел игілігіне жарауы керек. Бұл талапты нормативтік тұрғыдан бекітіп алу қажет. Тиісті реестрге енгізілген кәсіпкерлермен келісім жасаған кезде мемлекетке қайтарылатын активтерді «заңсыз» деп танымау туралы норманы бекітуге болады. Бұл – шын мәнінде, ірі кәсіп иелерінің мүддесіне сай келетін маңызды қадам. Бірақ кәсіпкерлер де қаржыны республикалық бюджетке аудару мәселесіне келгенде Үкіметпен және Бас прокуратурамен тығыз байланыста жұмыс істеуге тиіс. Бұл – әр теңге үшін саудаласпай, қажетті шараның бәрін өз еркімен жасау керек деген сөз», дейді Тоқаев ел халқына арналаған жыл сайынғы Жолдауында.
Яғни, бизнесмен осы елдің азаматы ретінде мектеп, аурухана, стадион, музей және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандар салуға қомақты қаржы бөлуге міндетті.
«Мұндай кәсіпкерлердің есімі жомарт жандардың «алтын тізіміне» жазылады. Ал одан бас тартқан немесе сөзбұйдаға салған кәсіпкерлерге қатысты әңгіме басқаша болады», деп ескертті Тоқаев.