Қазақстан ғалымдары АЭС-тегі апаттың ауыр салдарын болдырмаудың жолдарын зерттеп жатыр
Төртінші буындағы реакторлардың қауіпсіздігі саласында үлкен жұмыс атқарылып жатыр
Қазақстанның Ұлттық ядролық орталығы атом энергетикасының қауіпсіздігін арттыру бойынша зерттеу жүргізеді. Орталықтың бас директоры Владимир Витюк осы саладағы ғылыми жетістіктер туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАтомЭкспо» халықаралық ядролық технологиялар көрмесінде өткен «Бейбіт атом – таза энергияның қауіпсіз көзі» атты пленарлық сессияда Владимир Витюк су-сулы реакторлардың белсенді аймағын балқыту арқылы ауыр апаттарды модельдеу бойынша реакторішілік, реакторлық емес сынақтарды жүргізу әдістерін таныстырды.
«Бұл тұрғыда біз бірегей зерттеу жүргізіп, балқытпаның сумен, бетонмен және металл конструкциялармен өзара әрекеттесуі бойынша мәліметтер алдық. Біздің зерттеулеріміздің нәтижелері бүкіл әлемде айтарлықтай сұранысқа ие. Мәселен, біздің Cormit жобасы бойынша жұмысымыздың нәтижесі жапон атом электр станцияларында қолданылып жатыр», деді ол.
Бұдан бөлек, Орталық жүргізген зерттеу нәтижелері Фукусима АЭС-індегі апаттың салдарын жою бойынша шаралар әзірлеу үшін пайдаланылуда.
«Төртінші буындағы реакторлардың қауіпсіздігі саласында үлкен жұмыс атқарылып жатыр. Дәлірек айтқанда, сұйық металл жылу тасығышы бар жылдам нейтронды реакторлармен жұмыс істейміз. Бұл бағытта отыз жыл бойы жапон атом энергиясы агенттігімен белсенді ынтымақтастық орнаттық. Eagle жобасы аясында көпжылдық жұмыстар, атап айтқанда жылу тасығышы бар жылдам нейтронды реактордағы ауыр апат кезінде болатын процесстерді зерттеу және зерделеу жұмыстарын жүргізіп келеміз. Реактордың мұндай жобасы қазір Жапонияда әзірлену сатысында. 2019 жылдан бері атом энергиясы және баламалы энергия көздері комиссариатындағы француз әріптестерімізбен бірге осыған ұқсас жобаны жүзеге асырып жатырмыз. Бұл жерде зерттеу нысанына Францияда Astrid технологиясы бойынша әзірленіп жатқан натрий жылу тасығышы бар жылдам нейтронды перспективалы реактордың отыны алынған. Біз бірнеше жыл бұрын ресейлік дизайндағы Брест-Од-300 реакторының инновациялық аралас нитридті уран-плутонийлік отынның зерттеуін жүргіздік. Отынның ауыспалы және апатты режимге жақын кездегі өзгерісіне қатысты мәліметтер алдық. Бүгінде ядролық реакторлар саласындағы әзірлемелеріміз, біліміміз бен технологияларымыз осы саладағы үздік және сұранысқа ие орталықтардың біріне айналуға мүмкіндік бергенін сенімділікпен айтуға болады», - деді Витюк.