Атом қалдықтарының денсаулыққа әсері қандай? Сарапшы жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 57 жыл ішінде бір де бір оқыс оқиға болмағанын айтты

Фотоколлаж: Azattyq Ruhy

Үкіметтегі баспасөз конференциясында ядролық физика институтының директоры Саябек Сахиев атом қалдықтарының денсаулыққа қандай әсері бар екенін айтып берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

«Атом электр станциясының алғашқы түрі 1957 жылы салынған, ал қазір жұмыс істеп тұрған 416 атом электр станциясының жартысынан көбі дәл осы типте салынған. Олардың барлығы штаттық режимде жұмыс істейді, ешқандай оқиғалар болған жоқ. 57 жылдан бері оқыс оқиға болған жоқ. Ол төңіректе халық саны 5 мыңнан 15 мыңға артты. Ол жерде қауіпті болса, халық не үшін жиналар еді», - дейді Сахиев.

Оның айтуынша, екі жыл бұрын 50 еріктіге жеке детекторлар таратылған.

«Бүгінгі таңда межеден асып кетудің бірде-бір жағдайы тіркелген жоқ, бұл реакторлардың осы түрінің радиациялық және экологиялық қауіпсіздігін тағы бір рет растап отыр. Осы жылдар ішінде ғалымдар мен инженерлердің үш ұрпағы өзгерді. Осы уақыт ішінде бірде бір оқиға болған жоқ», - дейді сарапшы.