Қосшы қаласын газдандыру барысы қандай

Автор: Azattyq Rýhy

Болашақта Тайтөбе ауылына осы Қосшы қаласынан газ тартылады

Фото: Қосшы қаласының әкімдігі

Ақмола облысы әкімінің орынбасары Ернар Жаркешов Қосшы қаласын газбен жабдықтау жұмыстарының барысымен танысты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Облыс әкімінің орынбасары Қосшыға газ құбырларын тарту жөніндегі жұмыстармен танысты.

Жалпы айтсақ, елдің  солтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз ету аса маңызды жобалардың бірі. 2019 жылғы 27 желтоқсанда «Сарыарқа» магистральдық газ құбырының құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Қызылорда облысынан бастау алған «Сарыарқа» газ құбыры елорда мен еліміздің орталық және солтүстік өңірлерін көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. «Сарыарқа магистральдық газ құбыры құрылысын уақтылы аяқтау туралы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Игілік баршаға! Сабақтастық. Әділдік. Өрлеу» сайлауалды бағдарламасы аясында жүзеге асырылғанын айта кеткен жөн.

 «Сарыарқа» газ құбырын салудың елдің орталық бөлі­гін­дегі өңірлердің халқы үшін әлеуметтік-экономикалық әсері зор болды десек артық емес. Біріншіден, шамамен екі миллион халықты табиғи газбен қамтамасыз етуге, жылыту объектілерін көмірден газға көшіруге, газ құбыры өте­­тін өңірлердің экологиясын жақ­сартуға мүмкіндік беріп жатыр.

Со­нымен қатар бірқатар облыс­та шағын және орта бизнестің дамуына игі әсері болып, жаңа жұмыс орындары ашылды десек болады. «Сарыарқа» газ құбырының бойын­дағы өңірлердегі өн­дірісті да­мытуға, инвестиция тартуға жанама әсерін тигізіп отыр. Одан бөлік «Сарыарқа» газ құбырының иілігін елордаға іргелес орналасқан Қосшы қаласы мен басқа да елді-мекендер көретін болады.

Қосшы қаласында газ тарту желілерін жобалау жұмыстары бірнеше жылдан бері жүйелі жүргізіліп келеді.

Қосшы қаласы әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметтеріне қарағанда, 2021 жылы Қосшы қаласын газбен жабдықтаудың жобалық сметасын әзірлеу жұмысы басталған.  Ал өткен жылдың тамыз айында газ құбыры мен газ тарату желілерін жобалау бойынша атқарылған шаралар толығымен аяқталып, мемлекеттік сатып алу шарасы өткізіліп, жеңімпаз «Әлия Сервис» ЖШС келісімшарт жасалған.

Мердігер компания мамыр айында өз қаражатына тиісті  алғашқы жұмыстарды бастап кеткен. Ал маусым айында газ тарту жұмыстарын жүргізуге бюджеттен 4 млрд теңге көлемінде қаражат бөлінген. Қазіргі кезде бөлінген қаражаттың 1,68 млрд теңгесі игеріліп, тиісті жұмыстар жасалған. Бір сөзбен айтқанда Қосшы қаласына газ құбырларын тарту және тұрғындарды көлгілдір отынмен қамтамасыз ету бағыттарында ауқымды жұмыстар жүріп жатыр. Атап айтсақ,  жоғары қысымды 426х6мм болатын 2000 метр құбыр салынған. Қысымы орташа 75, 90, 110, 125, 450, 500 диаметрлі трубалар 3331,6 м аумақты қамтыған. Ал қысымы төмен 15269,84 м болатын жерасты құбырлары жөндеуден өткізілген.

Болашақта Қосшы қаласымен қоса Тайтөбе ауылы да көгілдір отынға қосылмақ. 2022 жылы Тайтөбе ауылын газбен қамтамасыз ету  бойынша жоба мен оның сараптама қорытындысы жасалған. Жобаның құны 1,8 млрд теңге деп есептелген. Тайтөбе ауылына газ Қосшы қаласынан тартылады. Осы жылдың басында аталған жобаны іске асыру үшін қажетті қаражатты алуға бюджеттік өтінім жасалып та қойған.

Қосшы қаласының әкімі Гайдар Қасенов бұған дейін Ақмола облысының өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында қаланы газбен жылыта алатын жылыту қазандығын салу бойынша инвестор тарту бойынша жұмыс жоспарланып жатқанын айтқан еді.  

Айта кетсек, мемлекет басшысы Ұлттық құрылтай отырысында халықты газбен қамтамасыз ету және газ құбырларын жаңғырту жөнінде тапсырма берді. Осы мақсатқа «Самұрық-Қазына» Қоры 105 млрд теңге бөледі. Энергетика министрлігіне жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп бөлінетін қаражаттың уақтылы игерілуін қамтамасыз ету және жыл соңына дейін желілерді салу бойынша барлық жұмысты аяқтау тапсырған еді. Бұл бағытта үкімет тиісті жұмыс жүргізіп келеді.