Қарабаев лоукостер бес жыл бұрынғы мақсатынан әсте айнымағанын жеткізді
Қазақстандағы жалғыз лоукостер – FlyArystan осыдан бес жыл бұрын халыққа арзан билеттер ұсынатын бюджеттік әуе компания ретінде құрылған. Сол кезде тіпті шенеуніктер ұшақ билетінің бағасы 10 мың теңгеден аспайды деп уәде берген еді. Алайда қазір ондай баға атымен жоқ. Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Azattyq Rýhy тілшісі көлік министрі Марат Қарабаевтан лоукостер билеттері неліктен қымбаттап кеткенін сұрады.
«Сізге сұрақ қоярдың алдында Астанадан Алматыға қыркүйек айына ұшақ билетін іздедім. Fly Arystan билеттерінің бағасы Air Astana-мен бірдей, Scat-пен салыстырғанда қымбатырақ. Неге лоукостер халыққа арзан билет сатамыз деген мақсатынан айнып кетті?» - деп сұрақ қойдық.
Көлік министрі FlyArystan өз функциясын толығымен орындап жатыр деп есептейді.
«Лоукостер өз мақсатынан айныған жоқ. Қазір жыл сайынғы 20 пайыздан астам өсім болып жатқаны, лоукостердің өз мақсатын орындап жатқанын білдіреді. Бізде кезінде 12-16 мың теңгеден билеттер сатылғанда, мүлдем ұшаққа мінбеген адамдар ұша бастады. Бұл қазақстандықтар арасында біртіндеп жаңа мәдениет қалыптастырды. Яғни азаматтар пойыздан ұшаққа көшті. Жалпы FlyArystan құрылғалы билеттерінің 56 пайызы жеңілдетілген бағамен сатылған. Сондықтан Fly Arystan өз функциясын толыққанды орындап жатыр», - деді Қарабаев үкімет отырысында.
Оның айтуынша, билет бағасы мемлекет тарапынан қадағаланбайды, реттелмейді, бұл - нарықтық экономика.
«Қазір Алматыдан Астанаға 19 қыркүйекке билет қарап отырмын, 19 491 теңге және 21 691 теңгенің билеттері бар. Жалпы билет бағасының 60 пайызын жанар-жағармай құрайды, ол қазір қымбаттап жатыр. Оған қоса ұшақты күтіп-ұстау кіреді, қозғалтқыш секілді бөлшектерінің бағасы шетелдік валютада өсіп жатыр, бұл да билеттің құнына әсер етеді. Скаттың өзі де жеңілдетілген билет жүйесін енгізіп жатыр. Бұл әрине жақсы, FlyArystan болмағанда Скат бағасын жоғары ұстап отыратын еді. FlyArystan болғандықтан, өз бағасын төмендетіп жатыр», - дейді шенеунік.
Осы ретте Қарабаев отандық және шетелдік әуе компанияларын салыстыруға болмайтынын атап өтті. Оған екі себеп бар: біріншіден, халықаралық бағыттарда бір емес, бірнеше компания қызмет көрсетеді. Жоғары бәсекелестік сәйкесінше бағаға әсер етеді. Екіншіден, арақашықтық мәселесі.
«Батысқа дейін бізде қанша шақырым бар. Егер сол шақырымды алып, Еуропадағы сол шақырымның есебімен есептесеңіз, бізде бағасы бірдей немесе кейде тіпті төмен шығады. Мұндай егжей-тегжейлі саралауды жиі өткіземіз. Жалпы ұшақты күтіп-ұстауда әлем бойынша бір баға бар. Осының бәрі билет құнына әсер етеді», - дейді ведомство басшысы.
«Сөздің түйіні, FlyArystan халыққа қолжетімді бағамен билет сататын әуе компания деп санайсыз ба, жоқ па?» деген сауалға Қарабаев нақты жауап бермеді.
«FlyArystan билетінің құны сұранысқа, қажеттілігіне қарай белгіленеді. Оның бағасы нарықта реттеледі», - деп құтылды.