Әзірет Сұлтан мешітінің алдындағы 1000 сөмке азық-түлік тек тізім бойынша таратылады

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы мешіттің баспасөз хатшысы Айдос Имантай хабарлады

Бүгін әлеуметтік желіде Нұр-Сұлтан қаласындағы Әзірет Сұлтан мешітінің алдындағы азық-түлік салынған сөмкелердің суреті лезде тарап кетті. Қасиетті Рамазан айындағы қайырымдылық шарасы туралы теріс ақпараттың салдарынан, мешіттің алдында көп адам жиналған.

Azattyq Rýhy тілшісі мешіттің баспасөз қызметіне хабарласып, қайырымдылық шарасы туралы білді. Баспасөз хатшысы Айдос Имантайдың айтуынша, бір реттік қайырымдылық шарасы ұйымдастырып, 1000 адамға азық-түлік үлестірген.

«Бұл елорда әкімдігімен қайырымдылық арқылы түскен қаражаттың есебінен жасалып жатқан акция. Қайырымдылық шарасы 1000 адамға арналған. 1000 сөмке азық-түлік көпбалалы отбасылар, жалғыз басты аналар, әлеуметтік аз қамтылған отбасылар сияқты алдын ала іріктелген тізімдегі адамдарға таратылады деп жоспарладық. Негізі, бір күнде 1000 сөмке тарату қиын, оның үстіне карантин бар. Сондықтан еріктілердің көмегімен бүгін жартысын, ертең жартысын таратамыз деп отырмыз. Бірақ аяқасты күтпеген жағдай туындап, мешіттің алдына өте көп адам жиналып кетті. Ал азық-түлік тек тізімде бар адамдарға ғана таратылады», - дейді Айдос Имантай.

Әзірет Сұлтан мешіті алдында түсірілген фотосуретпен қатар, әлеуметтік желі мен әртүрлі чаттарда «кез келген адам келіп, тегін азық-түлік ала алады» деген ақпарат қоса таралып жатыр. Бұл жалған ақпараттан мешіт қызметкерлері де хабардар екен.

«Ия, көпбалалы аналардың чатында, «Жетімдер» деген чатта осы ақпарат тарап жатыр екен. Бірақ бұл арнайы тізімдегі көмекке зәру адамдарға берілетін көмек. Қайырымдылық сомасын айта алмаймыз. Тек сөмкенің ішінде ұн, сұйық май сияқты күнделікті тұрмысқа ең қажетті азық-түлік бар екенін айта аламын. Егер келген адам тізімде бар болса, оған міндетті түрде осы көмек беріледі», - деді Айдос Имантай.

Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан