Жеңістің 75 жылдығына жергілікті бюджеттен 7,6 млрд теңге бөлінді
Қазақстанның барлық өңірлерінде Ұлы Отан соғысының қатысушылары мен мүгедектеріне 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ерлан Әукенов мәлім етті.
1 мамырдағы жағдай бойынша Қазақстанда 1025 ҰОС қатысушылары мен мүгедектері және 123 217 ҰОС-та Жеңіске үлес қосқан басқа санаттағы азаматтар тұрады.
Жеңістің 75 жылдығына орай жергілікті бюджеттерде осы мақсатқа 7,6 млрд теңге қарастырылған.
Жалпы, азаматтардың келесі санаттарына жататын 124 242 адам үшін біржолғы төлемдер қарастырылған: ҰОС қатысушылары мен мүгедектері (1025 адам), Қоршаудағы Ленинград тұрғындары (87 адам), концлагерлердің кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындары (289 адам), қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдері (күйеулері) (4 866 адам), ҰОС кезінде қаза болғандардың жесірлері (15 адам), тыл еңбеккерлері (109 040 адам), ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне теңестірілген басқа да адамдар (8 920 адам).
«Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі өңірлер мен республикалық маңызы бар қалалардың әкімдіктеріне ҰОС-дағы Жеңіске үлес қосқан азаматтардың барлық санаттары үшін материалдық көмектің ең төменгі кепілді шегін белгілеуді ұсынды. Нәтижесінде, ҰОС қатысушылары мен мүгедектеріне барлық өңірлерде 1 млн теңге көлемінде біржолғы материалдық көмек көрсетілді. Қоршаудағы Ленинград тұрғындарына және концлагерлердің жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына 50 мың теңгеден кем емес беріледі. Қайтыс болған ҰОС мүгедектерінің әйелдеріне, ҰОС кезінде қаза тапқан жауынгерлердің жесірлеріне және ҰОС жылдарындағы тыл еңбеккерлеріне – 30 мың теңгеден кем емес біржолғы материалдық көмек беріледі», – деді Ерлан Әукенов.
Республиканың 7 өңірінде (Ақтөбе, Атырау, ШҚО, Қарағанды, Қызылорда, Нұр-Сұлтан, Алматы қалалары) төлемдер аяқталды.