Атырау облысында CОVID-19 жұқтырғандар саны 202-ге жетті
Теңіз кенішінде тағы 9 жұмысшының коронавирус жұқтырғаны белгілі болды. Бұл туралы Атырау облысындағы Төтенше жағдайды қамтамасыз ету жөніндегі Жедел штаб хабарлап отыр.
Штабтың мәліметіне бойынша, тоғыз науқастың барлығы - Теңіз кен орнында жұмыс істейтін мердігер мекемелердің қызметкері. Атап айтқанда, олар - 1993, 1999, 1979, 1992, 1985, 1981 және 1999 жылғы сегіз ер адам, сонымен қатар, 1981 жылғы әйел адам.
«Науқастардың барлығы бұрын коронавирус жұқтырғандармен байланыста болғаны үшін карантиндік стационарда жатқан. Жұмысшылардан сынама алынып, нәтижесінде олардың да инфекция жұқтырғаны анықталды. Қазір науқастардың жағдайы қанағаттанарлық. Олармен байланыста болған адамдар анықталу үстінде, барлығы медициналық бақылауға алынған. Инфекция ошақтарына да дезинфекция жұмыстары жүргізіліп жатыр», - делінген хабарламада.
5 мамырдағы жағдай бойынша, Атырау облысында COVID-19 инфекциясын жұқтырғандардың жалпы саны 202-ге жетті. Ал, қауіпті індеттен айығып шыққандар саны - 76.