Қызылордада сыныптастарынан қорлық көрген қыздың үйіне күзет қойылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жасөспірімге медициналық көмек үй жағдайында көрсетілуде

Фото: aikyn.kz

Қызылорда облысында сыныптастарының жезөкшелікке мәжбүрлеуінен жапа шеккен жасөспірім қызға медициналық және психологиялық көмек ұйымдастырылды. Бұл туралы Қызылорда облысының Балалар құқықтары жөніндегі уәкілі Жақсыгүл Тоғанова әлеуметтік желідегі жазбасында мәлімдеді, деп хабарлайды Аzattyq Rýhy.

Тоғанованың айтуынша, оқиға туралы ақпарат түскеннен кейін ол бірден жәбірленген қызбен және оның анасымен кездескен. Кездесуден кейін қызға үш рет психологпен кеңес ұйымдастырылып, облыстық денсаулық сақтау департаментінің қолдауымен толық медициналық тексеру жүргізілген.

Қыздың жағдайын ескере отырып, дәрігерлер оны ауруханаға жатқызуды ұсынғанымен, анасы бұл ұсыныстан бас тартты. Осыған байланысты, медициналық көмек үй жағдайында көрсетілуде.

«Тексерулерден кейін де жасөспірімге бірнеше рет психологиялық қолдау көмектері көрсетілді. Анасының айтуы бойынша, уақытылы алған көмектің нәтижесінде баланың жағдайында оң өзгерістер бар. Баланың қауіпсіздігін сақтау мақсатында полиция департаменті арқылы тәулік бойы үйінің аумағына күзет қызметі қойылды. Әрине, барлық іс-әрекеттер мен көмектер анасының келісіміне және баланың қалауына сәйкес жасалады. Алдағы кезеңде де мүдделі мемлекеттік органдар тарапынан барлық көмектер уақытылы жасалатын болады», - делінген хабарламада.