Мемлекет басшысы Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбекті қабылдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жеңіс Қасымбек елорданың биылғы бірінші жартыжылдықтағы әлеуметтік-экономикалық және инфрақұрылымдық дамуы жөнінде мәлімет берді.
Қаладағы барлық негізгі экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика байқалатынын айтты:
- инвестиция көлемі 632 миллиард теңгеден асқан. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 13,2 пайызға артық;
- өңдеу өнеркәсібі, медицина, білім, көлік және логистика салаларындағы жобалар белсенді түрде жүзеге асырылып жатыр;
- мектеп, қолжетімді баспана, медициналық орталықтар құрылысы, апатты жағдайдағы ескі үйлерді бұзу, тұрғын үй алаптарын дамыту, қаланы абаттандыру және көгалдандыру мәселелері жөнінде баяндады:
- биыл 20-дан астам мектеп пен 4500 орындық 6 студенттік жатақхана салынады;
- елордада 170 аула мен қоғамдық орын, атап айтқанда саябақтар, гүлзарлар, желекжолдар абаттандырылып, 70-ке жуық көше жөнделеді;
- 16 мыңнан астам үлескер-отбасының 15,5 мыңы баспаналы болған. Қалған үлескерлер пәтерлеріне осы жылдың соңына дейін қоныстанады;
- биыл «Тельман» газ жылу станциясының бірінші кезегін, «Тұран» газ жылу станциясының екінші кезегін, сондай-ақ 3-ші ЖЭО-ның көмірмен жұмыс істейтін бөлігін іске қосу жоспарланып отыр.
Қасым-Жомарт Тоқаев елорданы әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан дамыту, шаһарды абаттандыру, сондай-ақ V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарына дайындықты пысықтау жөнінде бірқатар міндет жүктеді.