Екі айда 15 тонна есірткі: Алматыда өз үйін сатып, сол ақшаға сора бизнесін бастаған тұрғын ұсталды (ВИДЕО)

Автор: Молдатай Сымбат

Екі айда 14 есірткі дайындаушы қолға түсті 

Фото: видеодан скриншот

Маусым айының басында «Қарасора» республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы басталды. Оның нәтижесінде заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тамыз-қыркүйек айларында есірткіні заңсыз жинау және дайындау ықтималдығы артады. Себебі бұл кезде есірткі өсімдіктері өсіп жетіледі. Сондықтан операцияның ең белсенді кезеңі басталды.

«Алматы және Жетісу облыстарының аумағында 20 реттен астам тікұшақ арқылы барлау жүргізілді. Сондай-ақ Түркістан, Қызылорда, Ұлытау облыстарының аумақтары да әуе арқылы тексерілді. Ұшу нәтижесінде жалпы салмағы 1,2 тонна болатын 9 мыңнан астам қарасора бұтасы және салмағы 250 кг көкнәр өсімдігінің 4 мыңға жуық бұтасы тәркіленді», - деп хабарлады ІІМ.

Қылмыс орнында 14 есірткі дайындаушы ұсталды, оның ішінде біреуі іздеуде жүрген. Операция барысында 450 есірткі қылмысы анықталды. Заңсыз айналымнан 15 тоннадан астам есірткі тәркіленді, оның ішінде 1,3 тонна марихуана мен 29 кг гашиш.

«Алматы облысы Балқаш көлі маңында 7 есірткі дайындаушыдан тұратын адамдар тобы ұсталды. Оларда 5 мыңнан астам қарасора бұтасы бар ірі есірткі плантациясы табылды. Негізгі күдікті көздегеніне жету үшін ол өз үйін сатып, түскен қаражатқа қажетті жабдықтар мен өсімдік тұқымдарын сатып алған. Бұл үшін ол 10 млн теңгеден астам ақша жұмсаған. Сондай-ақ маусымдық жұмысқа сыбайластарын шақырған. Қазіргі уақытта күдіктілер қамауға алынды. Олар 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін», – деп хабарлады ІІМ есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті.