Пандемия кезінде үнемделген ақша: Назарбаев зияткерлік мектептері Смайылов бастаған аудиторларға жауап берді

Игерілмеген 8,3 млрд теңге коронавирус пандемиясы кезінде үнемделген қаражат болып шықты

Пандемия кезінде үнемделген ақша: Назарбаев зияткерлік мектептері Смайылов бастаған аудиторларға жауап берді
Фото: https://ast.nis.edu.kz/

«Назарбаев зияткерлік мектептері» дербес білім беру ұйымы Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудиттің қорытындысына қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұған дейін Жоғары аудиторлық палата Назарбаев зияткерлік мектептеріне 2019-2023 жылдары бөлінген бюджет қаражатының қалай жұмсалғанын тексергенін жазған едік. Мемлекеттік аудит қорытындысы бойынша 274,4 млн теңгеге қаржылық заңбұзушылықтар анықталған.

Назарбаев зияткерлік мектептерінің ақпаратына сүйенсек, біріншіден, қаржылық заңбұзушылық ретінде көрсетілген 274,4 млн теңге бухгалтерлік есептегі қателіктерге қатысты және аудит барысында түзетілді.

Екіншіден, НЗМ әзірлеген оқулықтарды жалпы білім беретін мектептерге енгізуге қатысты оқулықтарды шығару бойынша жұмыс 2016 жылы басталған болатын. Оқулықтарды әзірлеуге авторлар ретінде Қазақстанның жоғары білікті және үлкен педагогикалық тәжірибесі бар үздік тәжірибелі мұғалімдері тартылады, олардың интеллектуалды еңбектерінің нәтижелері шығарылған оқулықтарда баяндалып, бірнеше жыл бойы еліміздің жалпы білім беретін мектептерінің мұғалімдері, оқушылары және олардың ата-аналары тарапынан оң пікір алып жатыр.

«Сонымен қатар оқулықтарды сараптау және орта білім беру ұйымдарына арналған оқулықтар тізімін қалыптастыру бейінді министрліктің құзыретіне жатады. Маңыздысы, НЗМ ДББҰ оқулықтарды әзірлеуде республикалық бюджет қаражатын пайдаланбай, өз қаражаты есебінен жүзеге асырды», - деп атап өтті НЗМ.

Үшіншіден, мемлекеттік аудиторлар 16,4 млрд теңгені, оның ішінде тиімсіз жоспарлаудың салдарынан пайда болған 8,3 млрд теңгені игерілмеген қаражат деп таныды. Бұл сома пандемия кезінде еліміздің педагогтеріне арналған біліктілікті арттыру курстарының, олимпиадалардың, ғылыми жарыстардың және басқа да іс-шаралардың, сондай-ақ оқу жетістіктерін бағалау рәсімдерінің онлайн форматқа ауысуына байланысты үнемделді.

Сондай-ақ барлық бағыт бойынша бастапқы жоспарланған нәтижелер толық іске асырылған. Мысалы, НЗМ пандемия кезінде жалпы білім беретін мектептердің 78 мыңнан аса мұғаліміне біліктілікті арттыру курстарын өткізді.

Төртіншіден, сатып алуларға қатысты 10,5 млрд теңге көлеміндегі заңбұзушылықтар рәсімдік сипат алған, сатып алу нәтижесіне әсер еткен жоқ. Мысалы, аталған соманың басым бөлігі конкурстағы жағдаймен байланысты, онда әлеуетті жеткізуші нотариустың тіркеу нөмірінсіз нотариалды куәландырылған құжаттарды ұсынған. Алайда нотариустың тіркеу нөмірі бірыңғай электронды базада тіркелген және құжаттың шынайылығы расталды.

Бесіншіден, аудиттың тауарлардың жоғары құны бойынша сатып алу туралы қорытындылары жеткізу, монтаждау, іске қосу-баптау жұмыстары, бағдарламалық қамтамасыз етуді орнату сияқты шығындарды, сондай-ақ жеткізушілердің басқа да шығындарын ескермейді. Конкурстық рәсімдер НЗМ ДББҰ тарапынан орталықтандырылған түрде өткізіледі, нәтижесінде тауарлар 17 аймақ және 3 қаладағы 21 мектепке жөнелтіледі. Тауарлардың құны өндірушілер мен олардың дистрибьюторларының коммерциялық ұсыныстарына негізделіп жоспарланады. Соңғы баға сатып алу ережелеріне сәйкес кемінде екі жеткізуші қатысатын ақпараттық порталда өткізілетін ашық тендерлердің нәтижелері бойынша анықталады.

Алтыншыдан, банк шоттарындағы қалдықтар ақылы қызметтерден, демеушілік және қайырымдылық көмектерден, сондай-ақ шығындарды үнемдеуден жиналады. Бұл теңгерімдерді Қамқоршылық кеңес Назарбаев зияткерлік мектептерінің бюджетін бекіту кезінде ескереді.

Жетіншіден, Назарбаев зияткерлік мектептері өз қызметін Қазақстанның қолданыстағы заңнамасына сәйкес жүзеге асырады. Мектептерді қаржыландыру тәртібі Бюджет кодексімен реттеледі,  Оқу-ағарту министрлігімен және Қаржы министрлігімен келісіледі, Республикалық бюджет комиссиясы қарап, Республикалық бюджет жобасына енгізіледі және Парламент алдында қорғайды. «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ-ның бюджетін жыл сайын Қамқоршылық кеңес бекітеді, оның құрамында үкімет мүшелері, отандық және халықаралық сарапшылар, ғалымдар бар.

Сондай-ақ Назарбаев зияткерлік мектептері өздерінің оң тәжірибесін орта білім беру жүйесіне тарату бойынша қызметін одан әрі кеңейтуді көздеп отырғанын атап өтті.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.