Тендер өтті: Астана әкімдігі қаланың ішіне 20 мың жылтыр ырғай егу үшін 100 млн теңге бөлген

Автор: Нұргүл Абай

«Астана – Зеленстрой» ЖШС бір жылтыр ырғай үшін 5 мың теңге ұсынған

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Астана қаласының әкімдігіне қарайтын «Астана – Зеленстрой» ЖШС қылқан жапырақты және жапырақты бұта көшеттеріне үш түрлі лот жариялаған. Оның нәтижесі бойынша әкімдік бір жыл ішінде жалпы сомасы 282 355 346 теңгеге көшет сатып алатын болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Астана – Зеленстрой» ЖШС тапсырыс берген бұта көшеттерінің бірі – Вариегата казак аршасы (Juniperus sabina "Variegata"). Аласа өсетін әрі өте әдемі көрінетін бұталардың түрі. Қаланы көгалдандыруда кеңінен қолданылады.

Мемлекеттік сатып алу сайтында жарияланған лот бойынша, Астанаға Вариегатаның 5917 көшеті жеткізіледі. Біреуінің бағасы үшін компания 16 538 теңге ұсынған. Сонда бір жыл ішінде 97 855 346 теңге жұмсау жоспарланған. 

Сондай-ақ әкімдік 84 500 000  теңгеге Лаймлайт (Hydrangea paniculata Limelight) шашақты гортензияларын да сатып алмақ. Бір көшеті 6 500 теңге тұрады. Елордаға дәл осындай 13 000 көшет қажет. Қытай мен Жапонияда гортензияның көптеген түрі өседі.

Бұдан бөлек «Астана – Зеленстрой» ЖШС жылтыр ырғай (Cotoneaster lucidus) көшеттеріне де тапсырыс берген. Ырғай кез келген газонның сәнін келтіреді. Оның үстіне аязға да, аптап ыстыққа да төзімді. Жылтыр ырғайдың отаны Шығыс Сібір саналады.

Жылтыр ырғайдың біреуі – 5 мың теңге. Ал 20 мың данасын сатып алу үшін 100 000 000 теңге жоспарланған. Жеңімпаз компания Айнұр Досыбаева атты астаналық тұрғынның жеке кәсіпкерлігі. Енді жеке кәсіпкер  Астана әкімдігіне 20 мың дана жылтыр ырғайды 64 млн теңгеден астам сомаға жеткізіп беруі керек.