$ 498.51  522.84  4.81
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.

«Жас мемлекеттегі халықтың рухы таңқалдырды»: италиялық магистрант диссертациясына материал іздеп Қазақстанға келген

Ол коммерциялық соттарды зерттеп жүр 

«Жас мемлекеттегі халықтың рухы таңқалдырды»: италиялық магистрант диссертациясына материал іздеп Қазақстанға келген
Фото: АХҚО

Миландағы Боккони университетінің магистрі, заңгер мамандығы бойынша білім алып жатқан Анжело Тибалдеро диссертациясын жазуға материал жинау үшін Қазақстанға арнайы келген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Анжело Тибалдеро диссертациясы үшін АХҚО соты мен ХАО («Астана» халықаралық қаржы орталығының соты мен Халықаралық төрелік орталығы) туралы біліп, Қазақстанға келуге шешім қабылдағанға дейін ел туралы хабарсыз болған.

«Мен Қазақстан жайлы мектепте география сабағынан және өз қызығушылығымнан біраз ақпарат алдым. Қазақстанды Италиядан көлемі және халық санынан айтарлықтай ерекшеленетін ел ретінде елестеттім. Шынымды айтсам, бұл менің қызығушылығымды тудырды. Әдетте, өзге ел біздің елден қаншалықты өзгеше болса, соғұрлым мен оған барғым келеді. Менің ойымша, бұл көкжиекті кеңейтуге және әлемді жаңа көзқараспен көруге керемет мүмкіндік сыйлайды», - дейді ол.

Ол Қазақстанға жалғыз сапарлап келген. Екі қалада болған магистрант табиғаттың сұлулығын тамашалау үшін елге тағы бір рет арнайы келетінін айтты.

«Мен жалғыз болғандықтан, қалаларды аралауға шектелдім. Себебі кейінірек табиғатқа бару үшін ораламын деп үміттенемін. АХҚО сотына бару және диссертациям үшін бірнеше сұхбат жүргізу үшін сапарымды Астанадан бастадым. Кейін Алматыға бардым. Екі қала да керемет әсер қалдырды. Олар маған өте ыңғайлы болып көрінді. Мені әсіресе тыныштық пен жасыл кеңістіктің көптігі таң қалдырды», - дейді Анжело Тибалдеро.

Жас маманның айтуынша, оны қазақтың ұлттық сусыны қымыз қатты таңқалдырған.

«Мені қымыз сусынының дәмі қатты таңқалдырды. Ол өте сергітетін және шөлді қандыратын сусын», - дейді ол.

Италиялық қонақтың айтуынша, АХҚО соты жайлы 2023 жылдың күзінде дауларды шешу курсы кезінде инновациялық соттар туралы мақаланы оқу кезінде білген.

«Мен бірден қызығушылық таныттым және біраз зерттеу жүргізіп, АХҚО соты ең жаңашылдардың бірі екенін түсіндім. Сотқа барып, онда жұмыс істейтін адамдармен танысқаныма өте қуаныштымын. Кітаптар мен ғылыми мақалаларды оқу қызық, бірақ тек нақты сол орынға бару арқылы сіз не үйреніп жатқаныңызды шынымен түсіне аласыз. АХҚО сотына барып, бұл жүйені табысты ету үшін адамдардың қандай адалдықпен жұмыс істейтінін түсіндім. Менің ойымша, сот 2018 жылдан бері ауқымды жұмыс істеп келеді», - дейді ол.

Анжело Тибалдеро Қазақстанда сапары барысында қол жеткізген материалдарды диссертацияда қалай пайдаланатынын айтты.

«Менің диссертациямның мақсаты - әлемде құрылған халықаралық коммерциялық соттарды салыстыру және Италияда осындай соттың құрылуы мүмкін деген қорытынды жасау. Менің талдауымда басқаларға қарағанда белгілі бір сипаттама бойынша қызықты болып көрінетін кейбір мәліметке назар аударуды шештім. Олардың арасында АХҚО соты да бар. Қазақстанда болған кезімде мен сотқа барып қана қоймай, олардың көзқарастары мен практикалық тәжірибелері туралы білу үшін түрлі заңгер мен профессордан сұхбат алдым. Бұл соттың бүгіні мен болашағы туралы қызықты ойларға әкелді, мысалы, мен диссертацияма қосқан жергілікті заңгерлердің пікірі болмақ», - деді ол.

Анжело Тибалдеро Қазақстан өзінің халықаралық қаржы орталығын инвесторларға бейтараптық пен тиімділікке кепілдік беретін дауларды шешу жүйесімен сүйемелдеуге шешім қабылдады деп айтуға болады дейді.

«Қаржы орталықтарында барлық халықаралық коммерциялық сот құрылмайды (мысалы, Париждегі Халықаралық сауда палатасы - бұл халықаралық дауларды шешуге арналған коммерциялық сот палатасы), сондықтан әр түрлі мақсат пен құрылымы бар соттар арасындағы салыстыру қиындық тудыруы мүмкін. Қазіргі уақытта Италияда іскерлік мәселелерге мамандандырылған сот бөлімдерін қоспағанда мұндай ештеңе жоқ, бұл ағылшын тілін сот ісін жүргізуде қолдануға немесе сотқа шетелдік адвокаттарды тартуға мүмкіндік бермейді», - дейді ол.  

Италиялық маманның айтуынша, Қазақстан танымал туристік бағытқа айналу үшін барлық құрамдас бөліктері бар.

«Мұнда табиғи ландшафттар бар, қалалар өмір сүруге ыңғайлы және барлық қызмет көрсетіледі, ал адамдар шетелдіктердің елге келуіне шынымен мейірімді және мүдделі. Әрине, мәдениет пен дәстүрлердің араласуы да өз үлесін қосады. Мен барған барлық орын ішінен барлығының келіп көруіне екі нысанды ұсынар едім. Біріншісі, Астанадағы Қазақстанның Ұлттық мұражайы. Ол жерде осы елдің тарихы туралы көбірек білуге мүмкіндік алдым.  Екінші, Алматыдағы көк базар, бұл жергілікті өмірге сүңгудің тамаша тәсілі және кеңестік және қазақ атмосферасының керемет үйлесімі», - дейді италиялық қонақ.

Анжело Қазақстандағы сапары кезінде қиындықтар да кездескенін айтты.

«Мен үшін басты қиындық адамдармен сөйлесу кезінде тіл түсінебуден болды деп айтар едім. Көп адам әлі күнге дейін ағылшын тілін білмейтінін байқадым, бұл кейде қиындықтар туғызды. Алайда бұл шешілмейтін мәселе болған жоқ. Италиялықтар ым-ишараны қолданумен танымал болғандықтан, мені түсіну қиын болмады», - дейді ол.

Сондай-ақ магистранттың айтуынша, Қазақстан сияқты өте жас елде халықтың рухы мықты.

«Мен осындай жас мемлекетте күшті ұлттық рухты сездім, таң қалдым. Жақын арада мен көрген жерлерге қайта бару үшін Қазақстанға оралуға мүмкіндігім болады деп үміттенемін. Сондай-ақ шағын қалаларға (мысалы, Қарағанды) және табиғи ландшафттарға бару жоспарда бар. Әзірге бұл қашан іске асатынын білмеймін, бірақ оралатыным анық. Ал Қазақстанға алғаш рет келетін туристерге сапар алдында ел мен аймақ туралы бірнеше кітап оқуға кеңес берер едім. Бұл ел Еуропадан алыс болғандықтан, мен ештеңе оқымай, қазақ мәдениетінің көптеген аспектісін түсіне алмас едім. Бұл елден бай тәжірибе алуға болады», - деп түйіндеді ол.

Серіктес жаңалықтары