Су тасқынының салдары: қыркүйекте қанша білім беру нысаны есігін ашпайды

Автор: Аягөз Құрмаш

19 нысан бойынша тәуекелдер бар 

Фото: freepik

Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев үкімет отырысында су тасқынынан зардап шеккен мектептердің нешеуі қалпына келтірілгенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жаппай су тасқыны орын алған өңірлерде барлығы 40 білім беру нысаны (11 балабақша, 22 мектеп, 7 қосымша білім беру нысаны) зардап шеккені белгілі. Бүгінгі таңда қалпына келтіру жұмыстары 5 нысан бойынша аяқталды. 16 нысан бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр»,- дейді Бейсембаев. 

Оның айтуынша, 19 нысан бойынша тәуекелдер бар. 

«Самұрық контракшен компаниясының мәліметі бойынша «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру аясында соғылып жатқан мектептердің 20-сы мерзімінен бұрын ағымдағы жылдың 20 тамызына дейініске қосылады деп күтілуде. Жалпы 2024 жылы 536,0 мың жаңа оқушы орнына арналған 302 мектепті пайдалануға беру жоспарлануда»,- дейді ол. 

Министр атағандай, бұл шаралар биылғы оқу жылында 92 үш ауысымды және оқушы орны тапшылығы бар 249 мектептердің проблемаларын шешуге бағытталып отыр.

«Әкімдіктер мектептерді іске қосу мерзімдерінің бұзылуына жол бермеу үшін қажетті шараларды қабылдауы қажет»,- дейді ол.