Астанада 5 балабақша меңгерушісі балалар тамағына бөлінген 35 миллион теңгені «жеп қойған»

Автор: Azattyq Rýhy

Олардың бәрі сотталды

 

Фото: freepik.com

Астанада 5 балабақша меңгерушілері және олардың көмекшілері балаларды тамақтандыруға арналған ақша қаражатын жымқырғаны үшін кінәлі деп танылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Экс-балабақша басшылары мәзірге сәйкес қажетті азық-түлік көлемін көрсетіп, өтінімдер берген. Алайда, алдын ала өнім берушімен қылмыстық сөз байласып, олар толық жеткізілім туралы құжаттарға жалған мәліметтер енгізген. Қылмыстық схеманың бастамашысы және қылмыстық келісімнің тікелей ұйымдастырушысы бұрын сотталған олардың сыбайласы (өнім беруші) болған», - деп хабарлады Астана қаласы прокуратурасы.

Прокурор сотталғандардың кінәсін дәлелдейтін барлық айғақтарды ұсынды. Сот үкім шығарды.

«Сот үкімімен балабақша меңгерушілеріне тағайындалған барлық мерзімге пробациялық бақылау белгілене отырып, 2 жылдан 3 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу, мәжбүрлі еңбекке тарту және мемлекеттік қызметте қызмет атқаруға өмір бойына тыйым салу жазасы тағайындалды», - делінген үкімде.

Ұқсас қылмыстар үшін өтелмеген соттылығы болған олардың сыбайласы 4 жылға бас бостандығынан айырылды.

Жымқырған 35 млн теңгеден астам қаражат бюджетке қайтарылды.

Үкім заңды күшіне енді.