«Кедергісіз келешек» ерекше балаларға қандай мүмкіндіктер береді

Автор: Темірхан Айжан

Ақмола облысында 3924 мүмкіндігі шектеулі бала бар 

Фото: Istockphoto

Биыл Ақмола облысында «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы 47 нысанда немесе барлық нысанның 25%-да мүгедек адамдар үшін бейімдеу жұмыстары атқарылды. Алдағы уақытта  мүмкіндігі шектеулі жандар үшін тағы да 191 нысанда пандустар салынып, көру, есту қабілеті нашар, тірек-қимыл аппараты бұзылған адамдарға арнап жабдықтар орнатылады. Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды түрде  жалғасып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Ақмола облысында «Кедергісіз келешек» жобасы іске қосылған 2014 жылдан бері көптеген пайдалы шаралар атқарды. AMANAT партиясының жоба бойынша серіктестері «Қазақстан мүгедектер конфедерациясы» республикалық қоғамдық бірлестігі, «Болашақ» корпоративті қоры, «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық бірлестігі бірігіп әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеу мониторингі, мүгедектігі бар адамдарды жұмысқа орналастыру бойынша бос орындар жәрмеңкесі, инклюзияны қолдау кабинеттерін ашу, ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған бейімдеу спорт секцияларын ашу, жыл сайын мүмкіндігі шектеулі адамдарға «Жан Шуақ» сыйлығын табыстау сияқты іс-шаралар өтіп келеді.

Ақмола өңірінде бүгінде мүмкіндігі шектеулі 29 363 адам бар, оның ішінде бірінші группадағы мүгедектігі бар 3076 адам, екінші группадағы мүгедектігі бар 10 764 адам, үшінші группа бойынша 12 229 адам тіркелген. Ал ерекше балалардың саны – 3924, соның ішінде тірек-қимыл аппараты функциялары бұзылған, кресло-арбаға таңылған 1045 бала, көру қабілеті нашар – 1945 бала, есту қабілеті нашар – 804 кәмелетке толмаған жас балалар бар.

Сондай ерекше баланың анасы көкшетаулық Анастасия Тукина «Кедергісіз келешек» жобасы арқылы қоғамдық көліктерде ақысыз жүруге қол жеткізген. 2020 жылы ерекше баланы дүниеге әкелген ол сәбиінің денсаулығы үшін емханалар мен оңалту орталықтарына үнемі қатынап жүреді. Жол ақысының өзіне Анастасия ай сайын 15 мың теңге жұмсайтын.

«Ерекше қажеттілігі бар қызымды туған соң емханалар мен оңалту орталықтары сияқты орындарға жиі апаруым керек болды. Орталықтарға барып-келу жол ақыма табысымның едәуір бөлігін жұмсаушы едім. Декреттік демалыста болғандықтан жұмыс істемедім. Бала күтімі бойынша жәрдемақы мен мүгедектігі бар бала күтімі бойынша жәрдемақыға қарамастан қаражаттан қысылдым. «Мүмкіндігі шектеулі баласы бар аналарға неге жол ақысы тегін болмайды?» деп ойланатын едім. Содан кейін тек ойланып қана қоймай әрекетке көштім. Жеке атымнан барлық жерге ойымды айтып, жаза бастадым. Бірақ жалғыздың үні шықпас демекші, менің үнім алысқа естілмеді. Сол уақытта республиканың түкпір-түкпірінен мүгедек балалары бар ата-аналар қоғамдық бірлестіктер құру жобасын талқылап жатты. 2022 жылы ерекше балалардың ата-аналарының одағы – республикалық қоғамдық бірлестігі құрылды. Мен Көкшетау қаласы бойынша филиалының басшысы болдым. Жетекші болғаннан соң, жеңілдік қарастырылған жол ақысы туралы тақырыпты көтере түстім. Депутатымыз Рамазан Сапарұлы Мұқажановқа «осы мәселені шешуге көмектесіңіз» деп өтінішпен жүгіндім, оған ерекше балалары бар аналар үшін бұл мәселенің қаншалықты маңызды екенін түсіндірдім. Депутат біздің проблемамызды шешуге бар күшін салатынын айтып, уәде берді. Халық қалаулылары тақырыпты ортаға салып, ақыр соңында біз ақысыз жол жүру мүмкіндігіне ие болдық», - дейді Анастасия.

Осы тұста, айта кету керек ерекше қажеттілігі бар адамдарды, оның ішінде жас буынды қолдау «AMANAT» партиясы атқаратын жұмыстағы тұрақты басымдықтың бірі. Мәселен, партияның «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру жұмысы аясында былтыр медициналық мекемелердің электрондық құжаттары негізінде мүгедектікті белгілеу процесі заңнамалық түрде бекітілді; бес мыңға жуық әлеуметтік нысан бейімделді; дамуында кемістігі және оның туындау қаупі бар жас балалар үшін сегіз ерте араласу орталығы ашылды; сондай-ақ мектептерде инклюзияны қолдаудың 63 кабинеті ашылды. Бұған қоса, биыл 1 қаңтардан бастап I топтағы мүгедектігі бар адамдарға арналған жәрдемақы мөлшері 89 248 теңгеден 95 496 теңгеге дейін, II топтағы жәрдемақы мөлшері 71 398 теңгеден 76 397 теңгеге дейін, III топтағы жәрдемақы мөлшері 48 681 теңгеден 52 089 теңгеге дейін ұлғайтылды. Өмірге келе сала жалғанның қиындығығын мойнымен арқалаған балақайларға мемлекет тарапынан үнемі көңіл бөлініп, олардың азамат болып қалыптасып, қоғамның тең тұлғасы сезінуі үшін материалдық көмектерден басқа, жігерін жанитын, рухын көтеретін іс-шаралар ұйымдастырылады.

Жыл сайын еліміздің өңір-өңірінде «Кедергісіз келешек» аясында балаларға арналған инклюзивті спорт фестивалі өтеді. Биылғы Астанада өткен іс-шараға жүз елуге жуық оқушы, оның ішінде ерекше қажеттіліктері бар елуге тарта бала қатысты.

«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек атап өткендей, бала құқықтарын қорғау шаралары, сондай-ақ өскелең ұрпақ үшін кедергісіз орта құру – партияның сайлауалды бағдарламасы мен «Кедергісіз келешек» жобасындағы басым бағыттардың бірі болып саналады.

«Қазіргі уақытта инклюзивті ортадағы өз азаматтарымызға, балаларымызға деген қоғамның көзқарасы түбегейлі өзгерді деуге болады. Президенттің тікелей тапсырмасымен осы бағытта жүйелі жұмыстар қолға алынып жатқанын да жақсы білесіздер. «AMANAT» партиясы да Мемлекет басшысы реформаларының қоғамдық тірегі болып, бұл бағытта ауқымды жұмыс атқаруда. Мәселен, партиямыздың сайлауалды бағдарламасы аясында 2028 жылға дейін әрбір елді мекенде инклюзияны қолдаудың кемінде бір кабинетін ашу көзделген», - деп атап өтті Атқарушы хатшы.

Мәселен, қазіргі уақытта республика бойынша мектептерде 1389 инклюзия кабинеті және партияның көмегімен ашылған 324 бейімдеу спорт секциясы жұмыс істейді. Сонымен қатар жыл басынан бері «AMANAT» партиясы мүгедектігі бар 630 азаматқа тұрақты жұмыс табуға көмектесті.

Өз кезегінде фестивальді ұйымдастырушы «Тең мүмкіндіктер әлемі» қоғамдық қорының басшысы Нұргүл Үлжекова мұндай фестивальдер ерекше қажеттіліктері бар балаларды қоғамға бейімдеуге және олардың әлеуметтік белсенділігін арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.

«Инклюзия – қоғам қабылдауға тиіс өмір шындығы. Балабақша қабырғасынан бастап балаларды ерекше қажеттілігі бар адамдарға құрметпен қарауға тәрбиелеу керек. Бұған дұрыс ақпарат беру, ашық сабақтар мен спорттық іс-шаралар өткізу арқылы қол жеткізе аламыз. Жалпы, спорт – бұл тәуелсіз тұлға тәрбиелеудің және алға қойған арман-мақсатқа ұмтылуға ынталандырудың ең тиімді әдісі», – деді ол.

Айта кетейік, «Кедергісіз келешек» жобасын іске асырудың негізгі бағыттарының бірі – ерекше балаларға инклюзивті білім беруде жәрдемдесу, ерекше қажеттіліктері бар балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларға құрмет көрсету және оларға көмек көрсету.